Дағыстандағы терактті аудан басшысының ұлдары мен жиені ұйымдастырды: лаңкестік шабуыл жайлы мәліметтер

Дағыстанда лаңкестік әрекеттер орын алды фото на taspanews.kz от 24 июня 2024 18:23
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған фото

Дағыстандағы аудан басшысының екі ұлы мен жиені Махачкала мен Дербент қалаларында ірі террористік акт ұйымдастырды. Лаңкестер Дербенттегі православие ғибадатханасына және Махачкаладағы синагогаға шабуалдады. Нәтижесінде, қала тұрғындары, оның ішінде православиелік діни қызметкер қайтыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша, террористермен болған атыс барысында 15-тен астам полиция қызметкері қаза тапты. 20-ға жуық адам жарақат алды. Дағыстан Республикасындағы оқиғалар туралы қазіргі таңға белгілі фактілер жайлы – Taspanews материалында.


Оқиға хронологиясы


Алдыңғы түнде, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:50 шамасында ресейлік Telegram арналарында Дербенттегі православие ғибадатханасына жасалған шабуыл туралы алғашқы видеолар мен хабарламалар пайда болды. Telegram Baza арнасы оқиға Ленин көшесіндегі Покрова Пресвятой Богородицы шіркеуінде болғанын нақтылады. Куәгерлер оқ атылғанын және қара түтін көргендерін айтады. Содан соң шабуылдаушылар жергілікті синагогаға шабуыл жасады.


Бірнеше минуттан кейін Махачкалада Ермошкин көшесіндегі синагога өртке оранғаны белгілі болды. Лаңкестер мен полицейлер арасында атыс басталды.


Көп ұзамай бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендердің бары белгілі болды. Махачкалада синагогада бір адам, ал Дербенттегі православие ғибадатханасында күзетші және діни қызметкер қайтыс болды.


Дағыстан Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Шамиль Хадулаев өзінің Telegram арнасында православие ғибадатханасына жасалған шабуыл туралы мәлімдеме жасады.


" Дербентте шіркеу қызметшісі Николай әкенің тамағын кесіп өлтірген. Ол 66 жаста еді, өзі қатты ауыратын. Махачкала-1 шіркеуіндегі күзетші Михаил тек газ тапаншасымен қаруланған еді. Оны атып тастапты". Дағыстан Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Шамиль Хадулаев.

Махачкалада қылмыскерлер синагогаға шабуыл жасағаннан кейін қашып үлгерді. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, олар қарапайым жүргізушіден көлік ұрлап кеткен. Сондай-ақ, террористер жолға шығып, қарумен қорқытып, ер адамды өз көлігін беруге мәжбүр еткен бейнетаспа пайда болды. Кейіннен лаңкестердің ұсталғаны белгілі болды.


Дербентте қылмыскерлер атыс кезінде  "Фольксваген Поломен" қашып үлгерген. Осыған орай "Ұстап алу" жоспары жарияланған. Алайда, көп ұзамай терроризмге қарсы операция кезінде барлығы ұсталған.


Хадулаев бейнежазбаны жариялағанда, күрес барысында бір шабуылдаушы өзін өлтірмеуді өтінгенін хабарлайды, алайда оның көзі жойылды.


Алдын ала ақпарат бойынша, террористер  американдық AR-15 мылтығын қолданған.


Қазіргі уақытта террористік шабуылдар салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тапқандығы және 22 адам зардап шеккені белгілі.


Шабуылдаушылардың жеке басын анықтау


Telegram-дағы Baza арнасының мәліметінше, Махачкаладағы террористік актіні Дағыстанның Сергокалин ауданының басшысы Магомед Омаровтың ұлдары Осман мен Адиль Омаровтар ұйымдастырған. Ер адамдар ұсталып, көзі жойылды.


Махачкаладағы шабуылға қатысқан үшінші лаңкес 32 жастағы Абдусамад Амадзиев екені анықталды. Ол да ұсталғандардың қатарында. Өзгелері сияқты М.Омаровтың туысқаны болып шықты. Нақтысы – жиені екен.


Ал Шамиль Хадулаев көзі жойылған террористердің қатарында бұрынғы ММА күресшісі Гаджимурад Кагиров болғанын болжап айтты. Күресші 2021 жылы "Хабиб Нурмагомедовтің Eagles MMA клубын турнирде ұсынған". Сонымен қатар, Дағыстанның Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасына Кагиров та М.Омаровқа туысқан екендігі туралы хабар жетті. Ол ұлдарының екінші немере ағасы болып келген.


Көп ұзамай Хадулаев Дағыстанның Сергокалин ауданының басшысының ұсталғаны туралы хабарлады. Ал Baza Telegram арнасы шенеуніктің үйінде тінту жүргізіліп жатқандығын және әлі ресми түрде ұсталмағанын айтты.


Шабуылдаушылардың жеке басы анықталғаннан кейін, Магомед Омаровтың парақшасы Ресейдегі  басқарушы "Единая Россия" партиясының сайтынан алынып тасталды. Шенеунік партияның, сондай-ақ оның аймақтық саяси кеңесінің мүшесі болған. Дағыстанда ол аталған Ресейлік ұлттық консервативтік саяси "Единая Россия" партиясының жергілікті бөлімінің хатшысы қызметін атқарған.


"Соғыс біздің жерімізде"


Ұлттық терроризмге қарсы комитет "ВКонтакте" желісінде Дағыстандағы оқиғалар мен терроризмге қарсы операция туралы ресми мәліметтерді жариялады. Ведомствоның мәліметінше, барлығы бес террорист жойылды: екеуі - Дербентте, үшеуі Махачкалада.


"Дағыстан Республикасындағы Махачкала және Дербент қалаларында қаруланған адамдар тарапынан шіркеу мен синагога ғимараттарына шабуыл жасалды. Шабуылды тойтару барысында бірнеше полиция қызметкері жарақат алды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің біршамасынан да айырылдық". Ұлттық терроризмге қарсы комитет баспасөз қызметі.

Ведомствода терроризмге қарсы режим кезінде Дағыстанда бұйрық шыққанға дейін уақытша шектеулер енгізілетіндігі айтылды. Олардың ішінде – республика аумағындағы азаматтардың құжаттарын тексеру, ғимараттар мен қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту, телефон байланысын бақылау, терроризмге қарсы операция жүретін аумақта мекендейтін адамдарды уақытша көшіру, көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын шектеу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлық тұрғын үйлер мен кеңселерге кедергісіз ену мүмкіндігі, операция аумағына кірген және шыққан адамдар мен көліктерді тексеру.


Тергеу комитетінің өңірлік басқармасы "террористік акт" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.


Дағыстан басшысы Сергей Меликов өзінің Telegram-арнасында адамдарды бірнеше рет сабырлы болуға, үрейленбеуге және қорқынышқа бой алдырмауға шақырды. Ол сондай-ақ бейне хабарлама жазды, онда ол қазір құқық қорғау органдарының "жағдайды бақылап отырғанына" сендірді.


"Бүгінгі күн Дағыстан үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін қайғылы оқиға болды. Діни нысандарға қатысты бұрын-соңды болмаған террористік актілер жасалды. Әрине, біз лаңкестік шабуылдардың артында кім тұрғанын, олар қандай мақсаттарға қол жеткізгісі келгенін түсінеміз... Соғыс біздің жерімізде..." Дағыстан Басшысы Сергей Меликов

Өз сөзінде ол полиция қызметкерлерінің қайсарлығын атап өтті. Олар "Дағыстанның бейбіт тұрғындары мен қонақтарын террористік актілерден қорғау жолында өз өмірлерінен айырылды".


"15-тен астам полиция қызметкерлері Дағыстанның бейбітшілігі мен тыныштығын қорғау барысында лаңкестік шабуылдың құрбаны болды. Бейбіт нысандарға шабуыл жасалу кезінде тағы бірнеше азаматтар қаза тапты. Олардың қатарында Николай әке – Дербенттегі православиелік ғибадатханада 40 жылдан астам қызмет еткен діни қызметкер". Дағыстан Басшысы Сергей Меликов

Республика басшысы қазіргі таңда "Махачкала және Дербент қалаларында жедел-жауынгерлік іс-қимылдың белсенді кезеңі аяқталды" деп қорытындылады. Ол лаңкестікке  қатысушылардың қатары толық анықталғанға дейін,  террористік топтың ішінде шетелден келген азаматтар болу мүмкіндігін ескере отырып,  жедел-іздестіру және тергеу шараларының әлі де жүргізілетіндігін" айтты.


Үш күндік аза


С. Меликов 24, 25 және 26 күндері Дағыстанда аза тұту болатынын жариялап, сәйкес жарлыққа қол қойды.


Үш күн бойы республиканың бүкіл аумағында мемлекеттік тулар түсіріледі. Сонымен қатар, жергілікті мәдениет мекемелері мен телерадиокомпаниялар барлық ойын-сауық іс-шаралары мен хабарларын тоқтатады.


Ал Дағыстан үкіметіне қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинге болған оқиғаға байланысты көңіл айтты.


"Мемлекет басшысы күштік ведомстволар бойынша жедел-іздестіру қызметін жүргізуге көмек ұсынды. Президент мәлімдемесінде Қазақстан бұл адами құндылықтарға қарсы лаңкестік әрекетті айыптайтынын және БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың қолдауымен терроризмге қарсы күресте көпжақты ынтымақтастықты дамытуды жақтайды". Қазақстан Республикасының президентінің баспасөз қызметі.

Следите за новостями Taspanews