«Өлгендердің денесін иттер жейді». Палестиналық Газа секторында қалай аман қалғанын айтып берді
2023 жылдың қазан айынан бастап Газа секторында Израиль мен Хамас арасындағы соғыс жалғасуда. Палестина халқы зардап шегуде. Миллионнан астам бейбіт тұрғын адам төзгісіз жағдайда өмір сүреді және күн сайын аштықтан немесе атқылаудан өледі. Taspanews тілшісі қақтығыс аймағынан эвакуациялана алмайтын және айналасында күнде болып жатқан сұмдықтарды көріп жүрген Газа тұрғыны Мұхаммед Микдадпен сөйлесті. Журналист Дина Болатова мен Мұхаммед Микдадтің сұхбаты біздің материалымызда
«Жасырынатын жер жоқ»
Мұхаммед Микдад өзінің Газа секторындағы Рафах қаласында туып-өскенін айтты. Содан кейін ол Мысырға көшті. Бірақ былтыр күзде соғыс басталғанда үйдегі отбасына қонаққа келген ер адам Мысырға орала алмай, жақындарымен бірге қалды.
«Рафахтағы біздің жағдайымыз соғыс басталғанға дейін жақсы болды. Менің отбасымда супермаркет болды. Соғыс басталғанда, біз не болып жатқанын білмегендіктен әбден есеңгіреп қалдық. Өкінішке орай, соғыс қимылдары басталғаннан кейін Рафах пен Мысыр өткеліндегі жүктеменің артуына байланысты мен Газадан эвакуациялана алмадым»
Көп ұзамай оның отбасы бәрінен айырылды. Олар Израиль армиясының құрлық операциясына байланысты туған қалаларынан көшуге мәжбүр болды. Мұхаммедтің айтуынша, соғыстан ең көп зардап шеккен Газаның солтүстік аймақтарының тұрғындары.
«Жағдай қиын, өйткені өмір сүруге тамақ пен су жеткіліксіз. Өкінішке орай, кейде тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп, кейін бағаны көтеріп, халықты алдап жатады. Бізде азық-түлік жетіспейді, бізде тек консервілер бар, ал олар өте қымбат »
Қазір оның отбасы қашқындар лагерінде тұрады. Олар Газа секторының оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласына жақын әл-Маваси аймағында орналасқан. Бірақ, ер адамның айтуынша, Газаның қай бөлігінде немесе қай жерде екеніңіз маңызды емес: атқылаудан «жасырынатын жер жоқ екені өте өкінішті».
«Адамдар бомбадан, аурудан, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен, аштық пен сусыздан өлуде. Әрине, әлі де соғыс бітеді, көшіп кете аламыз деген үміт бар. Бірақ бұл текетірес жалғасқанша Палестина халқы күн сайын қауіпке ұшырайды»
Отбасы мен достарынан айырылу
«Мен қираудан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Қазір менің көретінім тек шатырлар және тамақ пен су іздеп жүрген адамдар. Мен зымырандардың дыбысын және оқтардың ысқырығын естимін»
Ол марқұмдардың мәйіттері көшелерде жатқанын атап өтті – «олардың денесін шығаратын және жерлейтін ешкім жоқ».
«Иттер өлі адамдардың денелерін жейді»
Ол осы соғыс кезінде «үйімнен, жақын достарымнан және туыстарымнан айырылдым» деп бөлісті.
Жас жігіт әлі күнге дейін Instagram-да палестиналық бейбіт тұрғындардың өмірі туралы жазып жүр.
«Көшіп кеткен халықтың өмірін сөзбен айтып жеткізу қиын, өйткені мұндай төңкеріске сөзім жоқ. Таңертеңгі сағат 5-те тұрып, ішуге тұрмайтын суды алу үшін ұзақ жол жүру. керек. Ал кейде ештеңе таппай қайтып кетесің»
Мұхаммедтің айтуынша, оның анасы қатерлі ісікке шалдыққан және үнемі емделуге мұқтаж. Ал әкесінің қан қысымы көтеріліп, қант диабетімен ауырады.
«Біз оларға дәрі-дәрмек табу үшін күн сайын күресеміз, олардың денсаулығы нашарлап барады. "Мен осындай қиын жағдайда өмір сүріп жатырмын және мүмкіндігінше отбасыма көмектесуге тырысамын»,
Ата-анасы, ағасы және отбасымен бірге ол «су мен тамақ сияқты негізгі қажеттіліктер жоқ кішкентай шатырда» тұрады. Жас жігіт барлық қамқорлықты қалай болса да көмектесуге шақырады.
Ол өз парақшасында досының өлімі жайлы да бөлісті. Мұхаммед өткен өмірінен фотолар мен видеоларды жариялап, олардың жаттығу залына бірге барғанын және көңіл көтергенін көрсетті. Содан кейін ол досының денесінің суретін жариялады. Түнгі сағат үште оның үйіне авиа соққы жасалынған. Оның досы ұйқы уақытында қайтыс болды.