Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі Ресей, Қырғызстан мен Нигерден де жоғары болып шықты

2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жұмыссыз азаматтар саны 448,2 мыңға жетті. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ға көп. Осының салдарынан елдегі жұмыссыздық деңгейі ТМД-ның бірқатар мемлекеттерімен қатар, Нигер мен Чад секілді африкалық елдерден де жоғары болып шықты, деп хабарлайды Taspanews.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның қай өңірінде жұмыссыздық ең жоғары?
Ең көп жұмыссыздар Алматы қаласында тіркелген. Олардың саны – 51,9 мың. Одан кейінгі орында – 40,9 мың жұмыссызы бар Түркістан облысы. Ал Алматы облысында бұл көрсеткіш 35,5 мың адамға жетті.
Жұмыссыздық ең аз тіркелген өңір – Ұлытау облысы, онда 4,2 мың ғана жұмыссыз бар. Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш – 13,1 мың адам, ал Абай облысында – 14,5 мың адамды құрайды.

Қазақстандықтар неге жұмыссыз қалып қалуда?
Жұмыссыздықтың басты себебі – бос жұмыс орнын таба алмау. 2024 жылы бұл мәселе 112,6 мың адамға қатысты болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,9%-ға көп. Көптеген қазақстандықтар өз еркімен жұмыстан шыққан – олардың саны 104,8 мың адам. Тағы 61,5 мың адам отбасы жағдайына байланысты еңбек қызметін жалғастыра алмағаны белгілі. Жұмыс орындарының қысқаруы, компаниялардың жабылуы немесе банкроттыққа ұшырауы 50,3 мың азаматтың жұмыссыз қалуына себеп болды. 44,2 мың адам үй шаруашылығымен айналысу үшін еңбек нарығынан кетті.
Денсаулығына байланысты 17,6 мың қазақстандық жұмыссыз қалса, 17,3 мыңы еңбек шартының мерзімі аяқталғандықтан жұмыссыз ретінде тіркелді. Сонымен қатар, 16,6 мың жас маман оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыс таба алмай келді. Маусымдық жұмыс сипаты 10,3 мың азаматтың еңбекке орналасуына кедергі келтірген.
Қазақстандықтар жұмысты қанша уақыт іздейді?
Жұмыссыздардың жартысынан көбі үш айдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмай келеді. 125,6 мың адам бір ай ішінде жұмысқа орналасуға тырысса, 124,4 мыңы – бір айдан үш айға дейін жұмыс іздейді. Ал 109,4 мың адам үш айдан алты айға дейін жұмыс таппаған. Ең күрделі жағдай – бір жылдан астам уақыт бойы жұмыссыз жүрген азаматтарда. Олардың саны 53,7 мың адамға жетіп, 2023 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 7,3%-ға артқан.
Басқа елдермен салыстырсақ ...
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл Қырғызстанмен (1,9%) және Ресеймен (2,3%) салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Молдовадағы көрсеткіш – 3,6%, ал Түрікменстанда – 4,2%.
Тіпті кейбір африкалық елдерде жұмыссыздық Қазақстаннан төмен. Мысалы, Нигерде бұл көрсеткіш – 0,5%, ал Чадта – 1,9%. Беларусь пен Катарда рекордтық ең төменгі деңгей тіркелген – небәрі 0,1%. Әлемдегі ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Оңтүстік Африка Республикасында тіркелген – 32,1%. Анголада – 30,8%, ал Палестинада – 30,7%.

Осылайша, ел экономикасының өсуі мен мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, Қазақстанда жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті.