Актер Рүстем Жаныаманов Інжілді қазақша дыбыстаған кезі болғанын айтты

Қазақстандық танымал актер Рүстем Жаныаманов ақшадан тарыққан кезінде Інжілді қазақша дыбыстаған кезі болғанын мойындады. Бұл туралы Taspanews.kz Рүстем Жаныамановтың Жанар Байсемізге берген сұқбатына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің сөзінше, ол дыбыстауға көшпес бұрын ұзақ ойланған.
«Кинолар, телехикаялар күнде шақыра бермейді ғой. Арасында дубляжбен айналысамын. Бір күні ақшасыз қалдым. Бірде бір адам хабарласып, шақырды. Дубляжбен айналысатынымды айттым. Сөйтіп бір мәтін оқытып, дауысымды сынап көрді. Дауысымды ұнатты, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Мәтіннің көлемін, жұмыстың қанша уақытқа созылатынын айтқан жоқ. Ертесі келсем бір десте қағаз дайындап қойыпты. Біреуін алып бастап оқыдым. Сөйтсем Інжілді қазақшаға аударып жатыр екен. Бірде тоқтап қалып «не істейін, жазайын ба, жоқ па» деп ойланып қалдым», – дейді актер.
Рүстемнің айтуынша, ол жұмысты бастап, 3 млн теңгедей ақша тапқан.
«Бірақ ақша керек. Іштей «жақсы нәрсе ғой» деп тағы ойлап қоямын. Сөйтіп жартысына дейін оқыдым. Алайда әрі қарай оқи алмайтынымды, мұсылман екенімді айттым. Ондағылар осыған дейін оқығанымның ақшасын береді екен. Әлгі жерде қатты қиналдым. Десе де соңына дейін оқып бердім. Бір айға жуық бірге жұмыс істедік. Өте жақсы төледі. 3-4 миллиондай бар. Сол кезде ол жақсы ақша еді», – деді актер.