«Айналамдағы адамдар сүзгіден өтті»: Жұлдыз Әбдікәрімова пәтерін қайтарып алды

Фото: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үй аламын деп айырылып қалған пәтерін қайтарып алғанын айтып, сүйінші сұрады. Бұл туралы Taspanews.kz Жұлдыз Әбдікәрімованың Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.


Өнер иесі өзін қолдаған қазақстандықтарға алғыс айтып, «жанымда жүрген адамдарды жақынырақ таныдым» деді.


«Ең алдымен алғыстан бастағым келеді. Өздеріңізге белгілі сот мәселесі бойынша іс жүріп жатты. Жария етіп жазған күннен бастап, маған тілеулес, жанашыр, кеңесші, жол сілтеуші болған әр жанға алғыс білдіремін. Бұл жаңалықтың жақсы жері сол, мен үшін бәрі де аяқталды. Балаларыма, өзіме тиесілі дүние қайырымен қайтты. Әу бастан бұл жағдайды сынақ деп қабылдағаным рас. Ешкім, ешқашан үйрете алмайтын өмірлік сабақ болды. Айналамда жаным-күнім деп, айналып-толғанып жүрген жандар бір-ақ күнде зым-зия болғанын көрдім. «Не көмек» деп суық қана хат жолдағандар да болды. Керісінше үнсіз ғана қасымда болып, қолынан келгенін жасап, көмектесуге тырысқан жандарды да көрдім. Бастысы айналамдағы адамдар сүзгіден өтті. Мемлекеттік құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғаным да рас. Заң саласында біраз білімім артты. Енді адвокатсыз құжатқа қол қоймайтын темірдей тәртіп бар», – деді киножұлдыз. 


Пост из социальной сети