«Балам буллингке ұшырады»: Daricorn-ның бейнеролигіне түскен баланың анасы үндеу жолдады

Фото: Жеке парақшадан

Желіде блогер Дариға Нүркееваның бейнеролигіне түскен ұлдың анасы үндеу жолдады. Оның сөзінше, ұлы бір сөзге бола қатарластарының буллингіне қалған. Бұл туралы Taspanews.kz баланың анасының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.


Әйелдің сөзінше, Дарикорн мен оның мейрамханасы жауапкершіліктен қашып отыр.


«2024 жылдың тамызында миллионер блогер Дарикорн өзінің Qatty Tatty кафелер желісін жарнамалау үшін менің рұқсатымсыз ұлымды бейнекамераға түсірген. Ол видео 2 миллион 500 мыңға жуық қаралым жинаған. Блогер ұлымнан сүйікті тамағының қандай екенін сұрайды. Сол сәтте ұлымның «Пицца» деген сөзінің үстіне «Пися» деп субтитрмен жазып қойған. Мен ол видеоны қазан айында көрдім. Мекеме басшылығына хабарласып, баламның қорланғанын айттым. Бірақ олар ештеңе істегілері келмеді. Видеоны да өшірмеді. Бір әріп үшін балам достарымен араласудан қалды. Ұлым осы видеодан кейін буллиңке ұшырады. Футбол үйірмесіне де бармайтынды шығарды. Қатарластары да сол видеоны айтып, мазақ етеді екен», – деді анасы. 


Әйел баланы қатарластары мазақ етіп қоймаған соң, басқа футбол клубына ауыстық дейді.


«Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, ата-анасының рұқсатынсыз балаларды фотоға немесе видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялауға тыйым салынған. Бейнероликте ұлымды көпшілік алдында масқаралағаны анық байқалады. Сонымен қатар, менің рұқсатымсыз оған белгісіз өнімдерді бергендеріне де алаңдаулымын. Ұлым аллергиялық реакцияларға бейім, мұндай жағдай тіпті анафилаксиялық шокқа әкелуі мүмкін еді. Біз толыққанды отбасымыз және қазір ұлымды жан-жақты қолдап отырмыз. Қазіргі кезде түрлі қайғылы оқиғалар жиілеп кеткенін ескерсек, мұндай жауапсыз әрекеттерге жол беруге болмайды. Бірінші инстанциядағы сот блогер ашқан кафені моральдық зиян ретінде 500 теңге төлеуге және сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Сондай-ақ, көпшілік алдында кешірім сұрау талабын қойды. Алайда қарсы тарап бұл шешімге аппеляциялық шағым түсіріп, кешірім сұрау, өтемақы көлемі мен заңгерлік қызмет ақысын мойындаудан бас тартып отыр», – дейді анасы.


Пост из социальной сети