«Бес жасқа толғанда із-түссіз жоғалып кеткен»: әнші Луина анасы туралы сөз қозғады
Қазақстандық танымал әнші Луина анасы туралы сөз қозғап, оның бұрын із-түссіз жоғалып кеткені туралы айтты. Бұл туралы Taspanews.kz Луинаның «Din Dina Show» бағдарламасына берген сұқбатына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі ол кезде тым кішкентай болғанына байланысты қазір анасын іздемейтінін жеткізді.
«Әкем мен анам мен үш жасқа толғанда ажырасып кеткен. Бес жасқа толғанда анам із-түссіз жоғалып кетті. Содан кейін оралған жоқ. Ол кісіге не болғанын білмеймін. Анам қатты есімде қалмады. Анамның шашымды өріп бергені ғана есімде. Одан кейін жоғалып кеткен түн ғана есімде. Сол түні ұйықтамаған едім. Қазір мен ол кісіні іздемеймін. Кейде әпкем немесе ағам қоңырау шалған кезде, қазір қоңырауды көтерсем, анам табылғанын айта ма деп қорқамын. Мен бұл сезімді түсіндіре алмаймын. Жай ғана қорқамын. Менен 4 жас үлкен ағамды уайымдаймын. Ол анамды осы күнге дейін іздеп жатыр, оның жаны тынышталар емес. Анам жоғалып кеткен кезде ол 9 жаста болды. Анам бізді тастап кеткен сәтте үйде ағам екеуміз болдық. Ол кезде ағамның ақыл-есі кіріп қалғандықтан, бұл жағдайды қабылдау оған қиын болды. Ол уайымдап, «анамды қорғай алмадым» деп жылайтын. Кей кезде ол өзін кінәлайды», – деді әнші.