«Кей сотуарлар түсін өзгертіп жатыр»: Ерке Есмахан сотуарының сапасына қатысты шағымдарға жауап берді
Эстрада жұлдызы Ерке Есмаханның сатылымға шығарға әшекейін сатып алған арулар сотуардың қарайып кеткенін айтып, шағымданып жатыр. Олардың кейбірі әшекейді ауыстырса, бірі ақшасын кері қайтарып алуда. Бұл туралы Taspanews.kz хабарлайды.
Ерке Есмахан Instagram-дағы ресми парақшасында сотуардың сапасына көңілі толмаған оқырмандарына пікір білдірді. Оның сөзінше, өнер иесінің өзі де бұл олқылықты көріп, «шок болғанын» айтты.
«Құрметті арулар! «Ерке Сотуар» – менің идеям! Менің жүрегімнен шыққан туынды. Сіздерге менің ақ тілегім, оған күмән болмасын. Бірақ сапасы жағы көңілімді түсірді. Өзім шоктамын. Кей сотуарлар өңін өзгертіп жатыр екен. Неше күннен бері мұның себебін зерттеп жатырмыз командамен. Шебер бұл жерде екі нұсқа бар дейді. 100 пайыз қолдан жасалған бұйым болғандықтан кейбіреуінде «брак» бар деп мойындап тұр. Екіншісі, «күміске алтын жалатылғандықтан, тағушының денсаулығында ақау бар болса, бұйым өңін өзгертеді», дейді. Күміс - емдік металл. Мұны да естен шығармайық.
Осының бәрін дұрыстап қадағаламаған кінә менен және командадан. Қазақ шеберлері барлық бұйымды мінсіз жасап беретініне сендім, бірақ Made in Kazakhstan. Енді қайтемін, ондай-ондай болады біздің елде. Минус іздеп, оны тауып, қуанып жариялап жатқандарға ештеңе дей алмаймын.
Егер сотуар қарайып, өзгеріп жатса, командаға хабарласыңыздар. Проблеманы шешіп береді. Дым уайымдамаңыздар. Мені таба алмай қалмайсыздар. Алдарыңызда жүрмін, Қазақстанға қайтып келемін», – деп жазды ол.