Секен Тұрысбеков Мейрамбек Беспаевқа құнды домбыра сыйлады

Фото: Мейрамбек Беспаев инстаграмы

Белгілі күйші Секен Тұрысбеков әнші Мейрамбек Беспаевқа әйгілі шебер Эммануил Романенко жасаған домбыраны сыйға тартты. Бұл туралы әнші Instagram парақшасында бөлісті, – деп хабарлайды Taspanews.kz.


Мейрамбек Беспаевтың айтуынша, ол көп жылдан бері осындай құнды домбыраны іздеген. Бұрын бір адамнан сұраған кезде, ол бес үйір жылқы сұрап, меселін қайтарған екен. Енді сол асыл аспапты Секен Тұрысбеков өз қолымен тарту етіп, батасын берген.


«Мен сені мақтан етем, сүйем сені,Сыймайды сөзге бірақ күй өлшемі. Есенқұл.Иә, күйдің құдіреті сөзге сыймайды. Сол құдіретті тудыратын адамның да деңгейін, дәрежесін сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Содан болар Секен көкеме жыр арнаған Есағам осылай деген екен. Мен не дей аламын… Ес білгелі осы жасқа дейінгі арман еткен киелі аспапты қолыма ұстата салғандағы жай-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын.Секен ағамның алғаусыз ақ ниетінің арқасында әйгілі Романенконың төл туындысы енді менде де бар. Қазақтың маңдайалды шеберлері жасаған домбыраларымның қатарына әйгілі шебердің домбырасы қосылды. Лайықты-ақ бағасына іздеп таба алмай келе жатқаныма қанша жыл болды десеңізші?! Міне, енді Секен көкем батасын беріп, ақ домбыраны сыйлай салды. Мені домбыраның қадір-қасиетін біледі деп сенгеніңіз үшін, осы аспапты ұстауға лайықты деп білгеніңіз үшін өзіңізге тағы да басымды идім, ақ көке!», – деп жазды әнші.

«Күшті сый, керемет сәт! Кұтты болсын! Ғұмырыңыз ұзақ болып, кеудеңізге кұйылған күй құдірет пен саз әуезін домбыра шанағында төгілтіп, жүректе әуелдетіп жүре беріңіз!», «Керемет көрініс ,сыйластық пен салихалы сәт, тарихта қалар тағылымды таспа» деп желі қолданушылары Мейрамбекті құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды.