«Сөзім жоқ»: Қарақат Әбілдина елорда лифтінде болған жан түршігерлік оқиға туралы пікір білдірді
Танымал әнші Қарақат Әбілдина елордадағы көпқабатты үйлердің бірінің лифтінде болған жан түршігерлік жағдай туралы пікір білдірді. Бұл туралы Taspanews.kz әншінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі 5 жасар баланың жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Мына жағдайға жүрегім ауырып отыр. Не деген сұмдық мынау?! Басы істемейтін осындайлардың тайраңдап жүруіне неге рұқсат береді. Тыйым салу керек еді. Ата-ана, заң қайда қарап отыр?! Бес жасар балақайдың не жазығы бар?! Сөзім жоқ менің. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздаршы», – деп жазды әнші.
Айта кетейік, оқиғадан кейін жасөспірімнің лифттегі тағы бір видеосы тарады. Кадрлардан оның тағы бір қыз балаға тиіскенін көруге болады. Онда жасөспірім қызды жібермей, лифттің кетуіне кедергі жасап, пышақ алып шығады. Қуанышқа орай, қыз бала зардап шеккен жоқ.