«Тап-таза болып тұрады»: Сәкен Майғазиев студиясын сынаған Мақпал Жүнісованың сөзін жоққа шығарды

Танымал әнші Сәкен Майғазиев ҚР халық әртісі Мақпал Жүнісованың сынына пікір білдірді. Бұл туралы Taspanews.kz Сәкен Майғазиевтің «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесі «Музарт-тың» студиясын ең жақсы студиялардың бірі деп санайтынын айтты.
«Біздің студиямыздың алдында кішігірім ойнайтын автоматтар бар. Мақпал әпкемізге солар кедергі келтірген болуы керек. Мен көп қалалардағы студияларда болдым ғой. Негізі біздің «МузАРТ-тың» студиясы ең жақсы студиялардың бірі. Студия расымен екінші үйіміз сияқты ғой. Тап-тұйнақтай, тап-таза болып тұрады», - деді әнші.
Одан бөлек әнші Мақпал Жүнісоваға мүлде ренжімейтінін айтты.
«Ол кісі пікірін желіге жүктегенде тек біз ғана көреді деп ойлаған болуы керек. Ақкөңіл, аңқылдақ әпкеміз ғой. Ол кісіге не айтса да жарасады. Бізге қол көтерсе де ренжімейміз. Тек оны ақпарат таратушылар дүрліктіріп жіберді. Мақпал әпкемізге еш өкпе жоқ», - деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Мақпал Жүнісова «Музарт» тобының ән жазатын студиясын сынап тастағаны туралы жазған едік.