«Ұялып келмей жүрді»: Ләйлә Сұлтанқызы Елдос Кәдірхановтың емделуіне себепші болғанын айтты

Танымал журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Instagram-дағы ресми парақшасында көптен бала сүюді армандап жүрген блогер Елдос Кәдірхановқа қалай көмектескенін айтып берді. Бұл туралы Taspanews.kz хабарлайды.
Сұлтанқызы Елдосты Астанадағы клиникаға тиісті ем алу үшін бірнеше рет шақырған. Десе де Елдос пен оның жары Таңшолпан ұсынысты бірден қабылдамапты. Белгілі болғандай, олар бір жыл бойы келуге ұялып жүрген көрінеді. Тек бір жылдан кейін әзілкештің жұбайы журналиске хабарласып, емделуге дайын екенін айтқан.
«Бір күні маған блогердің келіншегі хабарласып, шынын айтты. «Біз ұяламыз, жұрт мыналар тағы келіпті” деп қолдарымен шұқып көрсетеді. Сол үшін біз тағы да «жоқ» деген жауапты естігіміз келмейді. Бірақ сіздермен байланысқымыз келеді деді. Бірден ұшып келді. Дәрігерлер олардың өтінішімен қызметтік есіктен кіргізіп, басқа пациенттерге көрсетпеуге тырысты. Жоспарланған ота да сәтті өтті. Тіпті, маған сол жаңалықты дәрігер айтқанда, оның көзі жасқа толып тұрды», – деді тележүргізуші.