Елена Рыбакина Ұлыбританиядағы турнирге қатысудан бас тартуға мәжбүр болды
WTA әлемдік рейтингінде төртінші орында тұрған Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Ұлыбританияның Истборн қаласында өтетін теннис турниріне қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды Taspanews.kz.
Спортшыға осы жарыста рейтингпен бөлгенде бірінші нөмір берілгенімен, турнир өткізу кестесіндегі өзгерістер оны жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етті.
Жарыстың екінші айналымында Елена Рыбакинаны американдық София Кенин алмастырады. Ол турнирде "лаки-лузер" ретінде қайта ойнауға мүмкіндік алды.
Өткен аптада Рыбакина Германияның Берлин қаласында да жарысқа қатыса алмады. Оның негізгі себебі – асқазандағы келеңсіздік. Бұл оның тиісті деңгейде өнер көрсетуіне жол бермеді. Елена үшін келесі ірі турнир – Уимблдон болады, оның басталуы 1 шілдеге жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Елена Рыбакина — Уимблдонда жеңімпаз атанған алғашқы қазақстандық. Алып турнирде спортшы 2022 жылы жеңіске жетті.