Ольга Шишигина Ермек Маржықпаевтың жеңіл атлетика мәселесі туралы сөзіне пікір білдірді

Ольга Шишигина Ермек Маржықпаев фото на taspanews.kz от 30 августа 2024 22:07
Фото: Жасанды интеллект

Париждегі Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін 17 күн өткен соң ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ұлттық құраманың көңіл көншітпейтін қорытындыларына арналған алқа отырысын өткізді. Жеңіл атлетика командасы сын астында қалды. Өз сөзінде ол біздің олимпиадашыларымыздың нәтижелерін "бағалады", сондай-ақ елімізді жылдар бойы мазалап жүрген негізгі спорттық мәселелерді атап өтті. Taspanews.kz редакция тілшісі қазақстандық спорт сарапшыларымен сөйлесті. Олар спорт министрлігі басшылығының сөздеріне тоқталды және біздің еліміздегі жеңіл атлетикадағы нақты проблемаларға назар аударды.


Нәтижелерді "дәл қазір" көрсету мүмкін емес


Туризм және спорт министрлігінің басшысы жеңіл атлетика командасында сегіз лицензиясы бар болғанын атап өтті. Міндеттемелерге сәйкес, ұлттық құрама ойындардан бір күміс медаль алып келуге уәде берді. Алайда, шындығында  қазақстандық спортшылардың үздік нәтижесі – бұл тек 9 орын. Бұл нәтижені Кениядан келген легионер Нора Джеруто көрсетті.


"2000 жылдан бастап, Токио ойындарын қоспағанда, спортшылар үнемі жүлделі орындарға ие болды. Барлығы 87 спортшы қатысып, бес медаль жеңіп алды: екі алтын, бір күміс және екі қола. Бұл ретте бес медальдың үшеуі бір спортшы – Ольга Рыпаковаға тиесілі. Біз жеңіл атлетика командасынан жақсы нәтиже күткен едік, үмітім ақталмады", - деді министр.

Алқаға Ольга Рыпакованың өзі де қатысты, ол іс-шарадан кейін Маржықпаевтың сөздеріне пікір білдірді.


"Бірінші кезекте балалар спортынан бастап өңірлердегі спортты дамытуға назар аудару қажет. Егер осы деңгейде сауатты, кешенді жұмыс өтсе, Қазақстанда нәтижелер пайда болады", - деп түсіндірді ол.

Алайда, Рыпакова бұл ұзақ мерзімді перспектива екенін айтты, өйткені мұндай нәтижелерді "дәл қазір" көрсету мүмкін емес.


Айта кетсек, мұндай" проблеманы көру және оны шешуді"  бірнеше олимпиадалық циклдар бұрын көрдік. Статистикаға жүгінейік.  Пекиндегі ойындардан бастап қазақстандық спортшылардың жалпы саны тұрақты түрде азайып келеді: 1996 жылы - 96 олимпиадашы, 2000 жылы - 130, 2004 жылы - 119, 2008 жылы - 132, 2012 жылы - 115, 2016 жылы - 104, 2021 жылы - 93, ал биыл – 80.


Спорт сарапшысы, жеңіл атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы және Азия жеңіл атлетика қауымдастығының (ААА) құрметті вице-президенті Алексей Кондраттың пікірінше, жеңіл атлетика федерациясын қайта құрылымдаудан кейінгі екі олимпиадалық циклде спортшылардың жас буыны өсуі тиіс болған. Олар ардагерлердің орнына келуі керек еді.


"Іс жүзінде жеңілатлетикалық құрамада тек жеті спортшы болды, олардың көпшілігі ардагерлер мен легионерлер. Олардың артында жас спортшылар тұрғаны көрінбейді. Спорттық мансабын аяқтамаса да, олардың "шымырлығының шарықтау шегі" артта қалды. Олимпиада нәтижелері мұны дәлелдеді. Ардагерлер кетіп жатса, орын бос қалады және оны төрт жыл ішінде әлемдік деңгейдегі спортшылармен толтыру мүмкін емес", – деп атап өтті еңбек сіңірген жаттықтырушы

Министрдің сөзіне жеңіл атлетикадан қазақстандық  Олимпиада чемпионы, Мәжілістің экс-депутаты, Алматы қаласының №2 қалалық Олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі бас консультанты Ольга Шишигина үзілді-кесілді жауап берді.


"Бірінші мәселе – жастар үшін бізде қазір тиісті дайындалу мүмкіндігі жоқ. Жасөспірімдердің ұлттық құрамаға кіруге құқығы жоқ және біз ересектерге арналған орындарды ұстауымыз керек. Әйтпесе, олар жай ғана командадан алынып тасталады. Сонымен қатар, жасөспірімдер құрамасы "өтпелі кезеңге" жатады . 19 жастан 21 жасқа дейін олар жиі жарты жолда кетіп, елдің басты құрамасына толықтай қосыла алмайды" – деп атап өтті маман.

"Балалар спортында бізде үлкен олқылық бар"


Сонымен қатар, Қазақстанда жеңіл атлетиканың дамымауындағы бір себеп – балалар спорты.


"Жалпы, бізде үлкен проблема бар, дәлірек айтсақ, терең әрі ауқымды проблема. Қалыпты қаржыландыру жоқ. Ресми түрде Балалар мен жасөспірімдер спорт клубын бюджеттік ақшамен қамтамасыз етеміз. Олар үлкен жарыстарға бара алмайды, барғанның өзінде мұндай іс-шаралар жиі болмайды. Спортшылардың жарыстарға тұрақты қатысуы олардың нәтижелеріне әсер етеді", - деп атап өтті Шишигина.

Олимпиада чемпионы сонымен қатар шенеуніктерді "жеңіл атлетиканы дамытуға деген ұмтылысы" үшін сынады.


"Алматыда қаладағы жалғыз жеңілатлетикалық стадион алынып тасталады. Орталық стадионды толығымен футболға арнап, осылайша спортшыларды жаттығу алаңынан айырғысы келеді ", – деп атап өтті сарапшы.

Шишигина Алматыда жазда балалар  жаттығайын десе, біршама мәселеге тап болатынын айтты.


"Футболшылар орталық стадионда жеңіл атлеттерден жүгіру жолын тартып алуға тырысып жатқандықтан және Алматыдағы жалғыз Олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі манежі өте кішкентай болғандықтан, көптеген балалар мен спортшылар қаладан сыртындағы олимпиадалық резервтің жаңа базасына баруға мәжбүр. Олар Ташкентский трактісінде кептелісте жиі тұрады. Оқу жылының басталуымен ұйымдастырудың нашарлығына байланысты көптеген балалар физикалық тұрғыдан оқу мен жаттығуды бірге алып жүре алмайды", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, екі маман да жаттықтырушыларды даярлау тақырыбына назар аударды.


Кондрат қазақстандық спорттың болашағы осы процеске тартылған әрбір адамға – ел басшылығы, бейінді ведомстволар, спорт федерацияларынан бастап спортшылар мен жаттықтырушыларға дейін өзара байланысты екенін атап өтті. Соңғылары біздің спортшылардың нәтижелерінде шешуші рөл атқарады.


"Тек жаттықтырушы әуесқойдан нағыз кәсіпқой жасай алады немесе баланың талантын байқамай, қабілетін басады",  - дейді Кондрат.

Нәтиже болу үшін ұлттық құраманың қазіргі жаттықтырушылар құрамының біліктілігін үнемі арттыру қажет екені түсінікті болды. Спорт әлемі үнемі жаңаратындықтан, ол әрдайым дамуда және білім алу ешқашан артық болмайды. Жаттықтырушының айтуынша, сабақтардың көпшілігі ескі оқулықтармен өтеді. Оларда теориялық базаның көп бөлігі ескірген.


Олимпиада чемпионы да осындай пікір ұстанды.


"Қазақстанда негізінен жаттықтырушылар үшін біліктілікті арттыру жоқ. Бізде спорт және туризм академиясы толық жұмыс істемейді – онда мамандар жоқ. Ондағы жеңіл атлетика бөлімі жабық. Біздің жаттықтырушыларымыздың біліктілігін арттыру үшін басқа елдерден мамандарды шақыру қажет, ал барлық қаржылық шығыстар қазақстандық жаттықтырушылардың мойнына жүк болады. Ал олардың жалақысымен – бұл мүмкін емес шаруа", - деп атап өтті Шишигина.

Ол сондай-ақ жаттықтырушылардың бұрын баллдық жүйесі болғанын атап өтті. Бұрынырақ, егер жаттықтырушы баланы Жоғары дәрежелі мектепке берсе, онда ол жалақысына әсер ететін ұпайларды сақтап қалатын. Қазіргі таңда олай емес. Осылайша, мотивация жоқ, әсіресе жас жаттықтырушыларда.


"Көптеген шенеуніктер біздің спортшылармен жұмыс істеу үшін шетелдік мамандарды шақыру керек дейді. Алайда олар бір нәрсені ескермеді: барлық шетелдік жаттықтырушылар – бұл өзге елге кетіп, әлемдік спортты, соның ішінде бүкіл Азия аймағын "көтерген" кеңестік спорт мектебі. Түп тамырға оралып, бәрін қалпына келтіру және біздің мамандарды қайтару қажет. Егер біз жаттықтырушы өз білімін келесі буынға беретін ұрпақ байланысын сақтамасақ, онда біз жинаған тәжірибемізді біржола жоғалтамыз",  - деп қосты Шишигина.

Миллиард бар – нәтиже жоқ.


Бұған дейін вице-министр Серік Жарасбаев осы жылы олимпиадашыларды даярлауға 980 миллион теңге бөлінгенін айтқан.


"Олимпиада ойындарына дайындықты Спортты дамыту дирекциясы жүргізеді. Ұлттық құраманы даярлауға, оның Олимпиада ойындарына қатысуына 980 миллион теңге жұмсалды", - деді шенеунік.

Қыруар ақшаға қарамастан, ұлттық құрама медальдық есепте тек 43-орынға ие болды.


Алексей Кондрат бұл қаражаттың көп бөлігі олимпиадалық спорт түрлеріне емес, футбол және хоккей клубтарын қаржыландыруға кететінін айтты.


"Мәселе миллиардтаған теңге туралы. Алайда, қандай да бір себептермен олар жазуды ұмытып кетеді немесе бұл қаражаттың 70-80%-ы кәсіби футбол, хоккей, баскетбол және басқа клубтарға кететінін білмеуі мүмкін. Мәселен, Astana футбол және баскетбол командаларын, "Барыс" хоккей клубын және "Астана"велокомандасын қаржыландыратын Sport Qory Туризм мен спортты дамытудың мемлекеттік қоры. Мен осы есептеулердің барлығы, Қазақстан дамытатын спорт түрлерін салыстыру көптеген салаларды қаржыландырудан айыруға немесе оның айтарлықтай азаюына әкеп соқтырады деп қорқамын", - деп түйіндеді Кондрат.

Следите за новостями Taspanews