+18 жабық телеграм арналардағы жазушылық табыс әкеле ме?

Фото: pixabay

Ғаламтор желісіндегі танымал қазақстандық жазушы Ғани Бейсен Taspanews тілшісіне хоббиінің қалай бизнеске айналғаны және елде онлайн жазушыларға бағытталған тәлімгерлігі туралы айтып берді. Бүгінде ол басқаларға шығармашылық арқылы ақша табуды үйретеді.


Негізгі мамандығы заңгер болып келген Ғани Бейсен тағдырдың жазуымен бірнеше жыл бұрын аяқтан жарақат алып, жүре алмай, жұмысын тастап кетуге мәжбүр болған. Шарасыздықтан ол әңгімелер жазып, Facebook парақшасында жариялаған. Оның қаламынан шыққан 90-жылдардағы қылмыстық көріністі суреттейтін көркем шығармалар қазақстандықтардың арасында үлкен сұранысқа ие болды. Оқырмандар қатары едәуір өсіп, көп ұзамай олар жазушыны әңгімелерінің жаңа тарауларын шығаруға итермелей бастады. Желі қолданушыларының бірі жазушыға таланты үшін ақылы төлем алуға уақыт келді деген ой салады. Жазушы бұл ойды ескере, бірнеше телеграм арна ашып, онда романының тарауларын сала бастады. Сюжетті оқу үшін жазылу қажет – айына небәрі мың теңге. Істің жақсы жүргені соншалық,  бірнеше апта ішінде Ғани Бейсен бірден әр шығармаға бөлек он телеграм арна ашты. Бүгінде оның аудиториясы 40 мыңға жуық адамды құрайды. Жазушы жұмысының қыр-сырымен де бөліседі.


Бір арнада 1,5 мың жазылушы бар, әрқайсы мың теңгеден төлейді. Табысты іс десе де болады. Басқа арналарында аудитория саны азырақ болғанның өзінде, бірнеше миллион теңге жиналады.


Жазушының ел аузындағы романы «Қос құрбы». Бұл дәстүрлі емес жыныстық көзқарасы бар адамдар туралы елдегі алғашқы роман екен.


Сібірден түрмеден оралған қандастар туралы «Тау Асқандар» романы ағылшын тіліне аударылған. “Ғани Бейсен әңгімелері” атты YouTube арнасы да бар.


«Адамдар менің көп мәтін жазатыныма таң қалады. Мен бірден бірнеше кітап жазамын, алайда мәтіндерімді ешқашан өңдеп, түзетулер еңгізбеймін. Бірден телефоннан теріп, жариялаймын. Бәлкім шынымен-ақ талант шығар. Оқырмандарым таң қалып жатады, ал мен үшін бұл күнделікті іс. Мұның бәрі хобби ретінде басталған, кейін жұмысыма айналды. Оның үстіне менің оқушыларым, ізбасарларым бар. Оларға да әлеуметтік желілерде арна ашуға көмектесемін. Онлайн желідегі жазушылықты қалай тиімді кәсіпке айналдыруға болатынын айтамын. Бұл қазіргі таңда көптеген адамдарға ақша табуға көмектеседі. Мен өзім бұл істі төсекке таңылғанда шарасыздықтан қолға алғанмын. Қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Мәселен, мен кішігірім Балқаш қаласында тұрамын, ал оқырмандарым Қазақстанның түкпір-түкпірінен. Шет елде тұратын қазақтар да бар»,  – Ғани Бейсен.