20 жылдық еңбекті жоққа шығаруға жол бермеді: жаттықтырушы жұмысына қайта оралды

Фото: Pexels

Жамбыл облысы Ақбұлым ауылының бокстан жаттықтырушысы 37 жыл бұрын сотты болғаны үшін жұмыстан босатылды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Жоғарғы Сотқа сілтеме жасап.


Ол 1987 жылы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін (Қазақ КСР ҚК-нің 93-бабының 2-бөлігі бойынша) айыпталған. Бұл Дене шынықтыру және спорт басқармасы тапсырмасы аясындағы тексеруде анықталған. Осы орайда, жұмыс орнынан шеттетілген.


Спорт мектебінің шешімін бұрыс деп тапқан ол талаптарымен сотқа жүгінген. Онда жұмыс орнына оралу, мәжбүрлі жұмыс істеуден шеттетілген күндердің жалақысын өндіріп алуды мақсат етті.


Жамбыл аудандық соты азаматты күнәлі деп тапқан бабты қайта қарап,  Қазақ ССР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігіне ауыстырған. Өзгерістерге сай, “қажетті қорғаныс шегі болған кезде келтірілген дене жарақаты бойынша” қайта сараланған.


“Талап қоюшы адам өлтіргені немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сотталғандар санатына жатпайды және қылмыстық қудалауға тартылмаған.Қазақ КСР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігінде іс-әрекеттің қасақаналығы көзделмегендіктен, жұмыстан босату негіздері жарамсыз болып табылады”
 Жоғарғы Сот.

Нәтижесінде, жаттықтырушы талабы орындалып, жұмыстан шығару туралы бұйрық күшін жойды. Шеттетілген күндеріне 781 мың теңге жалақы өндірілді.