2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда студенттер шәкіртақысы айтарлықтай өседі

Фото: pixabay.com

Колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы артады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл өзгерістер магистранттар мен докторанттарға да қатысты.


«Бакалавриат студенттері үшін шәкіртақы 52 372 теңгені, ал педагогикалық және медицина сала студенттері үшін 84 мың теңгені құрайды. Магистранттар үшін шәкіртақы мөлшері 117 098 теңгеге, докторанттар үшін 262 500 теңгеге дейін өседі», – деп хабарлады министрлікте.

Жаңартылған бағдарламада мүмкіндігі шектеулі студенттерге ерекше көңіл бөлінген.


«Бакалавриатта оқитын есту және көру қабілеті бұзылған азаматтарға 94 651 теңге көлемінде шәкіртақы белгіленеді. Магистранттарға 204 921 теңге, ал докторанттарға 459 375 теңге төленеді. Бұл қосымша төлемдер ерекше қажеттіліктері бар студенттерге тең мүмкіндіктер жасауға және олардың білім алудағы күш-жігерін қолдауға бағытталған», – деп түсіндірді министрлікте.

Айта кету керек, осындай өзгерістер өткен оқу жылында да енгізіліп, педагогикалық және медициналық мамандықтардың студенттері ең жоғары шәкіртақы алды.