2025 жылы ардагерлерге 4,3 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақы төленді

Фото: ҚР ЕХӘҚМ

2025 жылғы 1 сәуірге дейінгі көрсеткішке сай, 83 048 ардагерге 4,3 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР ЕХӘҚМ сілтеме жасап.


Жәрдемақы алған ардагерлер қатары – ҰОС 111 ардагері, жеңілдіктер бойынша ҰОС соғысы ардагерлеріне теңестірілген 16 796 ардагер, 26 553 шет ел мемлекеттеріндегі ұрыстарға қатысқан ардагерлер, 39 588 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері. Ағымдағы жылы 17 млрд теңге жәрдемақы беру қарастырылған.


Ардагерлер өзге де әлеуметтік төлемдер алғанның өзінде, мемлекет бюджетінен берілетін ай сайынғы жәрдемақы төленеді:


1) ҰОС ардагерлеріне – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);


2) жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:


- ҰОС кезеңінде жарақат алған, контузия алған, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК алады (2025 жылы – 29 687 теңге);


- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК қаражатпен қамтамасыз етіледі (2025 жылы – 24 339 теңге);


3) өзге елдер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:


- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);


- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге – 4,8 АЕК тағайндалған (2025 жылы – 18 874 теңге);


4) ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге) алады.