2025 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қаншалықты өсті

pixabay.com фото на taspanews.kz от 05 января 2025 16:05
Фото: pixabay.com

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері өсті. Бұл инфляцияның болжанған деңгейіне байланысты болды және азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мемлекеттiк жәрдемақылардың барлық түрлерi мен базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға өстi, бұл болжанған инфляциядан екi пайызға асып түстi.


«Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды» – делінген ЕХӘҚМ мәлімдемесінде.

Министрлік зейнетақыны есептеу бойынша мысал келтірді.


«Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрады. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды», – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Зейнетақымен қатар мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де өсті.


«Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін өсті. Төртінші және одан кейінгі балаларды дүниеге әкелгені үшін бұл сома 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін өсті. Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да көбейді. Төрт балалы отбасылар үшін бұл сома 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін өсті. Он балалы отбасылар үшін бұл сома 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін өсті»,  – делінген министрлік хабарламасында.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы да ұлғайтылды. Бірінші топтағы үшін бұл сома 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін өсті. Екінші топ үшін жәрдемақы 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге, үшінші топ үшін 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.


«Еңбекке қабілеттілігінен айырылу мен асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы да 6,5 пайызға өсті. Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және келесілерге байланысты болады: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру»,   – деп толықтырды министрлікте.

2024 жылы әлеуметтік төлемдерге республикалық бюджеттен 5,3 трлн теңге бөлінгені атап өтілді. 2025 жылы қаржыландыру мөлшері көбейді.


Следите за новостями Taspanews