5G қашан іске асады: 4G нашар желісіне әзірге шара бар ма

Фото: Midjourney

2025 жылдың соңына қарай Қазақстанда 5G технологиясын енгізу бойынша жұмыстар аяқталуы тиіс. Taspanews.kz редакциясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен (ЦДИАӨМ) ағымдағы желілердің қалай жұмыс істейтінін және жаңа буын – 5G-ді енгізгенде не өзгеретінін білді.


3G және 4G-ге барымыз осы деп қараймыз ба, әлде болмаса көңіліміз толмай ма?


Қазіргі уақытта Қазақстанда ұялы байланыстың негізгі желілері 3G және 4G болып қалуда. Бұл технологиялар миллиондаған пайдаланушыларды ғаламторға және мобильді қызметтерге қолжетімділікпен қамтамасыз етеді. Алайда, іс жүзінде барлығы айтылғандағыдай нәтижелі емес.


ЦДИАӨМ деректеріне сәйкес, өткен жылы ұялы байланыс сапасына қатысты 20 мыңнан астам шағым тіркелді, оның 60%-дан астамы 3G және 4G операторларының жұмысына қатысты болды.


Негізгі мәселелер – тұрақсыз байланыс, ғаламтордың баяу жылдамдығы және жиі үзілістер. Байланыс операторлары жағдайды түзетуге тырысқанымен, телекоммуникация комитетінің тексеру нәтижелері желі жұмысына әсер еткен бұзушылықтардың басым бөлігі жүктеме әсіресе жоғары болатын Алматы, Астана және Шымкент сияқты еліміздің ірі қалаларында шоғырланғанын көрсетеді.


2023 жылы 780-нен астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды.


5G: жаңа дәуір нышаны ма әлде келеңсіздіктер қайталана ма?


Қазақстанда 5G-ге көшу көптеген өзекті мәселелерді шешуге уәде береді. Бұл технология дерек алмасу жылдамдығының жоғарылауын, кідіріс уақытының азаюын және қосылулар санын артуын қамтамасыз етеді. Бұл байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуы керек. Алайды ескі мәселелер әлі шешілмеген кезде байланыстың жаңа буынына ресурс құю қаншалықты дұрыс?


ЦДИАӨМ өкілдерінің айтуынша, 5G енгізу – бұл технологиялық жетістіктерді көрсету ғана емес, сонымен қатар ел болашағы үшін шұғыл қажеттілік. "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы аясында Үкімет 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді және Республикалық маңызы бар барлық автожолдарды мобильді байланыспен қамтуды жоспарлап отыр.


Алайда, бұл қадамға байланысты қиындықтар да бар. Ең алдымен, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда 1300-ден астам 5G базалық станциясы орнатылған және 2025 жылға дейін тағы 3500 станция салу жоспарлануда.


Осы ауқымды жобаны қаржыландыру мәселесі ашық күйінде қалуда. 


Сонымен қатар, 5G енгізуде тек ірі қалаларға назар аударылып, ауылдық жерлерді сапалы байланыссыз қалдыру қаупі бар.


Қазақстанда 5G-ге көшу – бұл елдің дамуы үшін жаңа көкжиектер ашуға уәде беретін болашаққа жасалған қадам. Алайда, мемлекет тарапынан да, байланыс операторлары тарапынан да елеулі күш-жігер қажет. Алдымен ағымдағы 3G және 4G келеңсіздіктерін шешу басымдыққа ие болуы керек, 5G-ге ауысу дәл осындай қиындықтарды жасыратын мәселелерге әкелмеу керек.


Қазір сапасыз байланыспен не істеу керек?


ЦДИАӨМ Taspanews.kz редакциясы сұрауы бойынша  eGov.kz порталы арқылы сапасыз интернетке қатысты мәселелерді шешу үшін ұсыныстар берді.


Өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:


1. Порталдағы жеке кабинетке кіріңіз;


2. "Сандық қызметтер" бөлімінде "Интернет және телекоммуникация" санатын таңдаңыз;


3. "Сапасыз интернет байланысы туралы өтініш беру" қызметін таңдап, барлық қажетті деректерді, соның ішінде мәселенің сипаттамасы мен орналасқан жерін көрсете отырып, нысанды толтырыңыз.


4. Мәселені растау үшін интернет байланысының сапасыздығын көрсететін скриншотты қосыңыз. Пайдаланатын нөмірдің тіркелуі мен кімге тиесілігі екендігі туралы деректерді көрсетіңіз.


Өтініш келгеннен кейін ол тиісті органдардың қарауына жіберіледі.


Мамандар талдау жасайды. Қажет болған жағдайда интернет байланысының сапасын анықтау үшін техникалық бригада келеді.


Өтініш берушіге көрсетілген байланыс нөмірі немесе электрондық пошта арқылы бригаданың шығу уақыты мен күні туралы алдын ала хабарланады.


Мәселені анықтау кезінде өтініш берушінің оқиға орнында болуы міндетті емес. Оның өтініші байланыс операторына қатысты жоспардан тыс тексеруді бастау үшін негіз болып табылады. Өтініштің қорытындысы көрсетілген байланыс деректері бойынша беріледі.