7 жыл бойы гемодиализде болған науқасқа жүрек қақпақшасы сәтті имплантацияланды

Фото: Pexels

Алматы қаласындағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 71, 76 және 77 жастағы үш егде пациентке заманауи қолқа қақпақшасы имплантацияланды. Олардың бірі – 7 жыл бойы гемодиализде жүрген 71 жастағы науқас, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.


Ол жүректің ишемиялық ауруы, қолқа қақпақшасының күрделі стенозы, митралдық қақпақшаның жеткіліксіздігі, 3-дәрежелі артериялық гипертония, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен ауыр халде болған. 2024 жылдың желтоқсанында инфаркт алған.


Бұрын жүргізілген стенттеу тиімді нәтиже бермегендіктен, дәрігерлер жоғары тәуекелге қарамастан ота жасау туралы шешім қабылдады. Жаңа қақпақшаны имплантациялау отасын институттың интервенциялық кардиологтары мен ресейлік жетекші маман Дмитрий Зубарев бірлесіп жүргізді. Бұл – аорта стенозы бар пациенттерді емдеудегі маңызды қадам. Заманауи транскатетерлі аорта қақпақшасы кішігірім кесу арқылы имплантацияланады, бұл дәстүрлі операцияларға қарағанда қалпына келу уақытын едәуір қысқартады.


Институттың рентгендік-қан тамырлары блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, бұл әдіс пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартып, оларды қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.