Абай Бегей тұрмысқа шығып жатқан қызына су жаңа көлік сыйлады

Фото: instagram.com/abaibegei

Танымал әнші Абай Бегей 16 жасында тұрмысқа шыққан ортаншы қызына көлік сыйлады. Бұл туралы өнер иесі Instagram-дағы ресми парақшасында жариялап, қызына жан тебірентер тілегін жазды, деп хабарлайды Taspanews.kz.


Әнші мәпелеп өсірген қызының жаңадан көтерген шаңырағына бақыт тілеп, ақ батасын берді.


«Симбиім, қызым! Менің мәпелеп өсірген аппақ гүл-қызым! Ендігі жердегі тілегім саған арналады. «Қыз бала – қонақ» деген осы екен. Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді. Өйткені, өз қалауыңмен тең қосағыңды тауып, бақытты сапарға шығып бара жатырсың. Мен осыны ойлап қуанамын! Бүгін жота басына қатар тігілген қос шыбықтарым – күйеу балам Мұстафа екеуіңе бар айтар тілегім қараған ел қызығатын, қою көлеңкесі ел игілігіне асатын жемісті бәйтерекке айналыңдар! Ертең аппақ желегі желбіреп келін болғалы тұрған қызым, саған айтарым, сен де құдағилыққа жетіп, тілек айт! Бастарыңды бұлт, бауырыңды мұз шалмасын», – деп жазды әнші.


Пост из социальной сети