Абай облысы әкімдігі Аягөзді жылыту жағдайын түсіндіруге тырысты
Аягөзде тұрғындар жылудың жетіспеушілігіне шағымданады, – деп хабарлайды Taspanews.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
«16 қазан күні сағат 15:00 шамасында жылу қамтамасыз ету жүйесінің апатты өшуі орын алды. Оған диаметрі 159 мм ысырманың істен шығуы себеп болды. Апат кезінде қазандықтар жұмысы жалғасқан. Келеңсіз апат әсері сағат 16:00-де жойылды, содан кейін жылу желілерінде температуралық параметрлерді қалпына келтіру процесі басталды.
Жылу желілерін төсеу бойынша барлық жұмыстар аяқталды, қазір жылу магистральдық траншеясы толтырылуда. Барлық нысандар жылумен қамту желісіне толықтай қосылған.
Әлеуметтік маңызы бар нысандарға орталықтандырылған жылу беру 5 қазанда басталды, тұрғын үйлерге 15 қазанда жылу берілді.
2024 жылы ағымдағы Аягөз қаласындағы жылу тасымалданатын 4,2 шақырым жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 302,4 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, құжаттаманы қайта қарап, қосымша материалдарды есепке ала отырып, жөндеуден өтетін жылу желілерінің ұзындығы 2,8 шақырым болып түзетілді. Мердігер «АСТ Химпром» ЖШС-мен келісім-шарт ағымдағы жылдың 4 тамызында жасалды».
Алайда тұрғындардың бұл жауапқа көңілі толмады. Әлеуметтік желіде олар: «ертегі», «өтірік», «күлейік пе, жылайық па», – деп пікір білдірді.