Ақтау қаласының бұрынғы әкімі Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне Ербол Ізбергенов келді, - деп хабарлайды Taspanews облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бүгін, 3 маусымда аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жаңа әкімнің орынбасарын ресми түрде таныстырды. Ізбергеновтың кандидатурасын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мақұлдады.


Ербол Күрентайұлы Ізбергенов 1973 жылы дүниеге келген, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білімі бар, сонымен қатар бизнесті басқару магистрі дәрежесіне ие. Оның елеулі тәжірибесі мен жоғары біліктілігі бар, мемлекеттік қызметтің түрлі деңгейлері мен кезеңдерінде табысты қызмет атқарған.


Ізбергенов еңбек жолын 1991 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» экспедициясы сынның құрылыс-монтаж басқармасында тас қалаушы болып бастады. Еңбек жолында облыстық денгейдегі құрылыс мектебінде қызмет атқарып, Мұнайлы аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметтерін де атқарған.


Сонымен қатар, ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде басқармаларды басқарды. 2019-2020 жылдары Ізбергенов «Ақтау теңіз порттарында» басқарма төрағасының орынбасары, «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасында директор болып жұмыс істеді.


2020-2023 жылдары алдымен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, кейіннен әкім қызметін атқарған.