Ақтау маңындағы ұшақтың қирауы: Әзірбайжан қазақстандық құтқарушыларды марапаттады
Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Камаладдин Гейдаров қазақстандық Төтенше жағдайлар қызметкерлерін «Ынтымақтастық үшін» төсбелгілерімен марапаттады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың желтоқсан айының соңында Ақтау халықаралық әуежайының маңында қайғылы оқиға болды: Баку-Грозный әуе рейсі апатқа ұшырады.
«Қазақстандық құтқарушылардың жедел әрекеті мен кәсібилігі апаттың салдарын жоюда және зардап шеккендерге көмек көрсетуде басты рөл атқарды. Атқарылған жұмыстар мен көрсетілген жоғары кәсібилік үшін алғыс білдіре, Әзірбайжан он қазақстандыққа марапаттар дайындады»,
Төсбелгілер алғандардың қатары:
Сейталин Азамат Серікұлы, Әминов Тимур Владимирович, Айдаров Қани Манапұлы, Қараев Саясат Мұсаұлы, Кенжеғалиев Мәжит Серікбайұлы, Құлханов Әзімбек Шындаулетович, Кузембаев Ербол Ахметович, Меңдібаев Наурызбек Ерланұлы, Нұғыманов Ардақ Қойшыбекұлы және Тілеубергенова Айман Мыңбайқызы.
Еске салсақ, Бакуден Грозныйға ұшатын AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тапты. Қазақстандықтардың жанқиярлық әрекетінің арқасында 29 адам аман қалды.