Ақтауда екі ер адам суға батып кете жаздады
Фото: Pexels
Ақтауда Шора су арнасы аймағында суға батып бара жатқан екі ер адам құтқарылды, - деп хабарлайды Taspanews ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-каналына сілтеме жасап.
Облыстық құтқару агенттігінің өкілдері оқиғаның мән-жайымен бөлісті. Қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 6 маусым күні сағат 17:20-да Жедел-құтқару жасағының мобильді бекетінің құтқарушыларына демалушылардан Шора су арнасы аймағында теңізде екі ер адамның көмекке мұқтаж екендігі туралы хабарлама келіп түскен.
Қайықта оқиға орнына жеткен құтқарушылар жағадан 350 метр қашықтықта жүзіп, өз бетінше орала алмаған 25 жастағы екі жігітті тапты. Жедел жәрдем келгенше құтқарушылар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Ер адамдардың бірі ауруханаға жеткізілсе, екіншісі ауруханаға жатқызуды қажет етпеді.