Ақтаудың кей бөлігінде қыс басынан бері жылу болмаған

pixabay.com фото на taspanews.kz от 09 января 2025 16:40
Фото: pixabay.com

Үш айдан астам уақыттан бері Ақтау қаласының 15-шағын аудандағы он бір үйге жылу мен ыстық су берілмей келеді. Жергілікті билік пен «Натис AБ» ЖШС сервистік компаниясының әрекетсіздігіне жауап ретінде тұрғындар өз мәселесіне назар аудару үшін қаланың орталық жолын жабуға дайын, – деп хабарлайды Taspanews.kz Lada.kz ақпаратына сілтеме жасап.


Жылыту маусымы басталғалы бері бұл үйлерге жылу берілмеген. Осыған қарамастан, басқарушы компания көрсетілмеген қызметтер үшін есепшот беруді жалғастыруда.


«Үй салқын болса да, ақша төлеуге мәжбүрлеуде. Ай сайын көрсетілмеген қызмет үшін есепшот аламыз»,  – деп шағымданады жергілікті тұрғындар.

Дегенмен, мәселе тек жылудың болмауымен шектелмейді. Маңайда электр энергиясы үнемі өшіп тұрады, бұл жылытқыштар мен бойлерлерді қосуды мүмкін емес етеді.


Тұрғындар қалалық билік өкілдеріне, тұрғын үй инспекциясына, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бірнеше рет жүгінгенімен, арыз-шағымдарының барлығы жауапсыз қалды. 2024 жылдың қараша айында жергілікті билік пен сервистік компания өкілдерімен кездесуде жылу мәселесі сол күні шешіледі деп уәде етілгенімен, жағдай өзгерген жоқ.


«Ай сайын біз көрсетілмеген қызмет үшін қомақты ақша төлейміз. Сонымен қатар, кіреберістерде жөндеу жұмыстары жүргізілмейді, төбелерден су ағуда, құбырлар мен арматуралардың жай-күйі жаман. Неге біз бұған шыдауымыз керек?»,  – деді қала тұрғындары.

Олар өтініштері ескерілмей қалатын болса, көшеге шығып, қаланың орталық жолын жауып тастауға дайын екендіктерін мәлімдейді.


«Біз енді мұндай жағдайда өмір сүре алмаймыз. Бізге жағдай жасалуын талап етеміз»,  – деп ескертті олар.

Тұрғындар осылайша әділдікке қол жеткізіп, жергілікті билікті жылу мен коммуналды қызмет сапасына қатысты мәселені шешуге итермелейтініне сенімді.


Следите за новостями Taspanews