Ақтөбеде кепілге алынған әйел ата-анасының қаза болғаны туралы білмеуі мүмкін

Фото: pixabay.com

Ақтөбеде 2025 жылдың 13 қаңтарында орын алған тұрғын үй иелерін кепілге алу жағдайы туралы жаңа ақпарат пайда болуда, – деп хабарлайды Taspanews.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.


Телеарнаның хабарлауынша, мұндай қылмыстың себебі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалуда.


«Шабуылдың құрбаны болған әйел медициналық мекемеде ем-шара қабылдауда. Реанимациядан кейін ол жалпы палатаға ауыстырылды, жағдайы қатаң бақылауда. Оған дәрігерлер ғана кіре алады, ал ауруханадағы қауіпсіздік арнайы қызметтің кезекшілігімен қамтамасыз етілген», – деп жазылған телеарна ақпаратында.

Жәбірленушіге телефонды пайдалануға тыйым салынуы ерекше алаңдатады, бұл оның әлі күнге дейін ата-анасының қайтыс болғанынан хабарсыз екенін білдіруі мүмкін. Ол сұрақтар қойғанымен, оқиғаның егжей-тегжейлері оған әлі айтылмауда.


Әйелдің ата-анасы 75 жастағы ер адам мен 67 жастағы әйел бейтаныс адамның үйге кіргенінің нәтижесінде қаза тапты. Олар пышақ жарақатынан қайтыс болды. Қазір қайғылы оқиға болған үйде жерлеу рәсіміне дайындалып жатыр.


«Қаза болған ер адам құқық қорғау органының қызметкері, ал оның әйелі медбике болып жұмыс істеген. Қызы олармен бірге тұрмаған. Кәмелетке толмаған ұлын өсіріп бөлек тұрған. Баланың үйде болмауы оның аман қалуына себеп болды», - деп атап өтті телеарна.

Әйел мен оның ата-анасын қолға түсірген қылмыскер жәбірленушіні танитыны анықталды. Оның бұл әрекетінің себебі белгісіз болып қала беруде. Сондай-ақ ер адамның соттылығы болмағаны, психиатриялық және наркологиялық мекемелерде есепте тұрмағаны белгілі болды. Оның үстінен «Адам өлтіру» және «Кепілге алу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, бұл 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.


Еске салсақ, 13 қаңтарда Ақтөбе қаласында жеке үйді басып алу оқиғасы орын алған. Кепілге алынғандарды босату операциясы бірнеше сағатқа созылды: әйел босатылып, күдікті ұсталды. Алайда үйді тексеру кезінде жертөледен кепілге алынған әйелдік қарт ата-анасы табылды. Екеуі де пышақталған. Оларды құтқару мүмкін болмады.