Ақтөбеде орманнан 60 тонна қоқыс шығарылды
Ақтөбеде 500-ден астам адам орман алқабын тазалауға қатысып, 60 тонна қоқыс шығарылды, - деп хабарлайды Taspanews тілшісі 24kz сілтеме жасап.
Ақтөбеде орман алқабынан 60 тонна қоқыс шығарылды. Ақтөбеде 500-ден астам адам қала маңындағы орман алқабын тазалауға қатысты. Еріктілер мен орман шаруашылығы қызметкерлері 60 тонна қалдықты арнайы бөлінген полигонға тасымалдады. Акцияға орман шаруашылығы қызметкерлерінен бөлек студенттер мен табиғат қорғау белсенділері қатысты.
Ақтөбедегі қала маңындағы орман - қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны. 180 гектар жерде қарағай, қарағаш, түрлі жеміс ағаштары өседі. Дегенмен демалушылардың барлығы қоршаған ортаны ойламайды.
Орман шаруашылығы қызметкерлері жыл сайын аумақты тазартады. Биыл олардың қатарына студенттер қосылды.
«Адамдар өздерінің сүйікті демалыс орны қоқыс үйіндісіне айналып бара жатқанын ойламай-ақ қоқыстарды, соның ішінде пластмасса бұйымдарын, консервілерді, тамақ қалдықтарын тастап кетеді», - дейді студент Ақбота Қитанова.
«Ақтөбе орман шаруашылығына «Елекское», «Қарғалы» және «Ленинское» шаруа қожалықтары кіреді. Біз қоқыстар мен қураған ағаштарды алып тастаймыз, кейінірек өрттің алдын алу үшін минералданған жолақтар жасаймыз. Тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» жасақтары да көмектесуде», - дейді орман шаруашылығының қызметкері Нарғыз Қуанышева.
Орман алқабы өрт қауіпті аймақ болып табылады, сондықтан экологтар қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударады. Сәуір айынан бастап компания қызметкерлері қарқынды жұмыс істеуде.
«Өрттің алдын алу үшін тәулік бойы вахта ұйымдастырылды. Биыл техникалық паркті жаңартып, арнайы техника сатып алу жоспарлануда. «Таза Қазақстан» акциясына облыста табиғат қорғау белсенділерімен бірге тоғыз орман шаруашылығы кәсіпорны қатысуда», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орынбасары Жомарт Бақыткелдіұлы.