Алматыда каннабисті өсіретін фитолаборатория жойылды

Фото: Pexels

Алматыда каннабисті заңсыз өсірумен айналысқан шөп зертханасы жойылды, деп хабарлайды Taspanews Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


ҚМА Алматы полициясымен бірлесіп және қалалық прокуратураның үйлестіруімен Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы есірткі контрабандасы бойынша ірі арнаның жолын кесті.


Алматы, Астана және Орал қалаларында жүргізілген жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын шетелден алып, оларды қарапайым халық тұтынатын тауарлардың атын жамылып, республика бойынша өткізген тұлғалар анықталып, ұсталды.


Жедел іс-шаралар нәтижесінде 60 граммға жуық гашиш майы мен 700 грамм марихуана тәркіленді. Алматыда есірткі өсімдіктерін өсіретін зертхана табылды.


Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес қосымша ақпарат жарияланбайды.