Алматыда V жастар театр форумы басталды

Фото: ҚР Мәдениет министрлігі

Алматыда ТМД, Прибалтика және Грузия елдері үшін беделді V жастар театр форумы басталды, - деп хабарлайды Taspanews ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Осы айтулы мәдени шараға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан сынды елдерден 200-ден астам театр мамандары – режиссерлер, драматургтер, актерлар, сахнагерлер, театр сыншылары қатысады.


Өзінің ауқымдылығымен және жас театр қайраткерлерінің басын қосатын қабілетімен ерекшеленетін форумның мәдениет саласында бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде баламасы жоқ. Жоба елдер арасындағы мәдени байланыстың сақталуына ғана емес, нығаюына да септігін тигізеді.


Форум үш жыл сайын өткізіледі.


Бұған дейінгі оқиғалар 2012 жылы Кишиневте (Молдавия), 2015 жылы Минскіде (Беларусь), 2018 жылы Ереванда (Армения) және 2021 жылы Ташкентте (Өзбекстан) өтті.


12 жыл ішінде форумға 1000-нан астам адам қатысса, аудитория 20 000 адамнан асты. Алматыдағы іс-шара халықаралық сарапшылар үздік спектакльдерді таңдап, суретшілер мен драматургтердің конкурстық іріктеулерін өткізген ұзақ және қиын шығармашылық процестің нәтижесі болып табылады.


Бұл форумның басты мақсаты – жас театр жетекшілерін анықтау және біріктіру, бұл өз кезегінде ТМД елдерінің шығармашыл жастарының мәдениет саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге септігін тигізеді.


Форум аясында іріктеліп алынған спектакльдер қойылады, суретшілер каталогтары мен жас драматургтердің пьесалар жинақтары шығарылады, сонымен қатар дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылады. Үздік спектакль 2025 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Мәскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы XVII халықаралық театр фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болады.


Сондай-ақ, форум бағдарламасына шетелдік режиссерлер мен драматургтердің, кәсіби театр мамандарының шеберлік сабақтары кіреді.