Алматыда Жаңа жылдық концерттерге орай орталық көшеде көлік қозғалысы тоқтайды
Алматыда жаңа жылдық мерекеге дайындық жүруде, соған байланысты 31 желтоқсанда қаладағы орталық көшелердің бірі жабылады, деп хабарлайды Taspanews.kz.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, концерттер мен көпшілікке арналған мерекелік шараларға дайындық жұмыстарына байланысты таңертеңнен кешке дейін көлік қозғалысы тоқтатылады.
«31 желтоқсан күні сағат 8:00-ден бастап Төле бидің Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі учаскесі толығымен жабылады. Бұл жаңа жылдық концерттерге баруды жоспарлаған адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Бұл жол мерекелік шаралардың негізгі бөлігі аяқталғанда, 1 қаңтар түнгі сағат екіде ғана ашылады»,
Алматыда Жаңа жыл түні қала тұрғындары мен қонақтарды қуантатын екі концерт өтеді:
Абай алаңында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін Бүркіт, Ақбота-Нұр, Ғазизхан Шекербек, Диана Исмаил және Кенжебек Жанәбілов сияқты қазақстандық жұлдыздар өнер көрсетеді. Бұл мерекелік кештің тамаша басталуына кепілдік береді.
Астана алаңында мереке сағат 21:00-да басталып, 2025 жылдың 1 қаңтар сағат 1:00-ге дейін жалғасады. Түн ортасында Алматы аспаны отшашумен жарқырайды, бұл әдеттегідей мерекенің шарықтау шегіне айналады. ҚБТУ алдындағы сахнада Ерсейіт Әлиев, Елбол Қуанбек, Ұлжан Ағлақ, Chingiz Typhoon, Makvin, Orynkhan, 6ellucci, Мархаба Саби, Moldanazar мен RaiM естен кетпес музыкалық сәттер сыйлайды.