Амур жолбарыстарын Қазақстанға не үшін әкеледі: олардың қорегі мен қонысы қандай болмақ

Фото: goodfon

Амурлар жойылып кеткен тұран жолбарыстарын алмастырады


Жақында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс брифингінде Қазақстанға Нидерланды мен Ресейден ірі мысық тұқымдастарының санын қалпына келтіру үшін жолбарыстар әкелетінін мәлімдеді. Зоолог, биоценология және аңшылықтану лабораториясының меңгерушісі Константин Плахов Taspanews.kz тілшісіне Қазақстан үшін жолбарыстардың маңызын және бұл жыртқыштар ел аумағында неліктен жойылып кеткендігін түсіндірді.


Тұран жолбарыстары не себепті жоққа айналды


Константин Плаховтың айтуынша, жақында Нидерланды мен Ресейден амур жолбарыстары әкелінеді. Мәселе олардың "бізде жойылып кеткен тұран жолбарыстарына генетикалық тұрғыда жақындығында" деді ол.


"Тұран жолбарыстары соғыс уақытына қарай жоғалып кеткен. 1951 жылы бір адам осы жолбарыстың ізін көріп қалған, содан бері ол туралы жазба жоқ",  – деді зоолог.

Оның айтуынша, бұл түр жыртқыш мысықтардың аумағын басып алып, жерін игерген адамдар кесірінен жойылып кеткен.


"Егер бұрын Балқаш маңы мен Сырдарияда (Тұран жолбарыстары мекендеген жерлер – ред.) адамдар сирек қоныстанған болса, кейіннен олар жолбарыстармен азық үшін бәсекелесе бастады. Жолбарыстардың негізгі тамағы – қабандар (жабайы шошқалар). Халық бастапқыда дінге байланысты қабанға қызығушылық танытпады, алайда содан кейін өзге қоныс аударушылар пайда болды, олардың ішінде жабайы шошқаны асқа тұтынатындар байқалды. Олар қарқынды түрде елік пен қабандарды аулай бастады",  - деп түсіндірді сарапшы.

Оған қоса мұнда адамдар жер жыртып, мал өсіріп, бағып жатты. Мұның бәрі жолбарыс мекендеген территорияның азаюына әкелді.


Тұран жолбарыстарының мекені қайда болды


"Бұрын бұл жолбарыстар кең ауқымда таралған. Бүкіл жер шары бойынша Үндістанда, Индонезия, Вьетнам, Корея, Қытай және Қиыр Шығыста болған. Жақын өңірлерден – Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанда мекендеген", – деді Плахов.

Қазіргі таңда тұран жолбарысы "енді еш жерде жоқ" деп түсіндірді. Бұрын оны теориялық тұрғыда Иранда болуы мүмкін деп ойлаған, алайда ондай " ресми ақпарат жоқ".


"Амур жолбарысы суыққа төзімділігімен танымал болғанымен, тұран жолбарысы бізде "Солтүстік джунгли" деп аталатын жерлерде ғана болған – ол Сырдария (дельта) және Іле өзендері, әсіресе Ілені мекен еткен. Бұл еліктер, қабандар, қояндар, қырғауылдар үшін қолайлы тіршілік ету ортасы болды",  - деп атап өтті маман.

Оның айтуынша, "кез-келген жануардың ерекшелігі бар", сондықтан тура осындай жолбарыс түрі енді мүлдем жоқ.


Амур жолбарыстары нені қорек етпек?


Плахов Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу он жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.


"Бірінші қадам – Іле-Балқаш табиғи резерватын құру. Оған оңтүстік Балқаш және Іле дельталары аумағы жатады. Яғни, бұл адамдар қоныстанбаған аумақтар. Сонымен қатар, бір кездері дәл сол жерде біз айтып өткен "джунглилер" болған. Жоспар бойынша бірінші міндет – тіршілік ету ортасын қалпына келтіру", - деп түсіндірді зоолог.

Плахов қазіргі уақытта бұл жерлерге ең үлкен қауіп төндіретіні – өрт екенін атап өтті. Сондықтан " өртті күзету мен өртке қарсы күрес – сол тіршілік ету ортасын ("джунгли") қалпына келтіруде" маңызды.


"Екінші мәселе – қоректену мүмкіндігін қалпына келтіру. Адамдар аң аулауды тоқтатқан кезден бастап қабан саны арта бастағаны бар. Қарашыңғыл шаруашылығынан бұхар бұғылары, ал Алтын-Емел ұлттық саябағынан құлан әкелінді (жылқы тұқымдасының сүтқоректілері-ред.). Бұл іс-шара әлі аяқталған жоқ. Тағы да аумақты жануарлармен толтыруы мүмкін",  - деп атап өтті маман.

Плахов қазір резерватта "жақсы күзетілетінін, құрал-жабдықтармен қамтылғанын және қызметкерлерде жағдайды бақылауға арналған арнайы дрондар барын" айтты.


Олардың өмір сүру мерзімі қандай?


Плаховтың айтуынша, егер жолбарыс табиғи ортада 5-7 жыл аралағында өмір сүре алса, онда "бұл жақсы көрсеткіш".


"Теориялық тұрғыдан олар 15 және 17 жасқа дейін өмір сүре алады, алайда бұл екіталай. Жануар түрлі дерттерге шалдығады. Жас жолбарысқа жыртқыштардан қорғану керек, сондай-ақ аң аулау кезінде аман қалуды үйренуі керек. Олар анасымен бірге жүріп, 2 жыл аң аулап үйренеді. Сонда да, бұл кепілдік бермейді. Тіпті үлкен топ болып жүретін арыстандардың да балалары 40 пайызға жуығы ғана аман қалып жатады (жаңадан туылған арыстандарды меңзеймін)", - деп түсіндірді зоолог.

Ол табиғи ортада жолбарыстарға бәрі оңайлықпен берілетінімен келіспейді.


"Көптеген факторлар бар. Аң аулау кезінде жыртқыш азу тісін сындырып алса болды, енді оған қиын болады. Ал оны сындыру оңай, себебі құрбан болған жануарлар қарсы тұруға тырысады. Қабан азу тістерін ұрып жіберуі немесе бүйірінен жарақаттауы мүмкін. Сондықтан табиғатта жеті жасар жолбарысты кездестірсеңіз – оның өзі жақсы", - деді маман.

Жолбарыс саны қаншалықты тез өсуде?


Плахов бір жылда тек бір ғана жолбарыс баласы туылуы мүмкін екенін айтты. Сосын анасы оны 2 жыл тәрбиелейді. Тек үш жыл өткен соң "ол келесі жолбарысты дүниеге әкелуі мүмкін. Бірден екеуін немесе үшеуін туар".


"Қаншауы аман қалатынын алдын ала ойлау қажет. Оларды күзету қажет. Резерват аумағында олар үшін неғұрлым көп олжа шоғырланған болса, жолбарыстар азықты тек сол жерден іздейді. Бұл олар адамдарға шықпау үшін, үй жануарларына шабуыл жасамау үшін қажет",  - деп ескертті сарапшы.

Зоолог қазір аюлар адамдарға жиі шыға бастағаны туралы еске салды. Олар малға тап беріп, омарталарды қиратады. Ресейде адамдарға, Қазақстанда малға шабуыл жасалған жағдайлар бар.


"Шығару кезінде (резерват ішінде жүргенде – ред.) жолбарыстардың бейнебақылау датчиктерімен жабдықталуы өте маңызды. Бұл олардың қозғалысын бақылауға, келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін және резерваттан шығу әрекеттерін тоқтату үшін керек",  - деп атап өтті зоолог.

Ол жүргізілетін жұмыс "көпжылдық және күрделі, бірақ біз қиындықтардан қорықпаймыз"деп түсіндірді.


"Өкінішке орай, Тұран жолбарысын қалпына келтіру мүмкін емес. Ең қызығы, бұрынғы Верный қаласында (қазіргі Алматы – ред.) жер сілкінісіне дейін алты хайуанаттар бағы болса, сосын соңғысы қалған Ол Цум-ға қарама-қарсы орналасқан. Онда Тұран жолбарыстары да ұсталды. Бұл олардың соңғы паналанған жері болды. Сосын олар Мюнхен хайуанаттар бағына апарылды. Менің ойымша, бұл жолбарыс 1951 жылға дейін өмір сүрді",  - деп қосты сарапшы.

Константин Плахов бұрын, өкінішке орай, мұндай түрлерді сақтау бойынша бағдарламалар болмағанын айтты.


"Бірақ қазір біз саны аз түрлерді құтқара аламыз. Мысалы, құтқару үшін Пржевальский жылқысын әкеле бастады. Давид бұғысымен де солай. Бұрын бұл бұғы түрі тек Пекиндегі император сарайының ішінде болған. Англияға бірнешеуі әкелініп, түр сақталды. Онда бұғылардың үлкен табыны бар. Қазір құландар үшін де осындай бағдарламалар жүзеге асырылуда. Адамдар осы шараларды түсініп, бұл жануарларды жоюға тырыспағаны жөн",  - деп қорытындылады зоолог.