Антикор ескертеді: алаяқтар агенттік атынан байланысқа шығады

Фото:

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтардың назарын аударады. WhatsApp және Telegram мессенджер-қосымшаларын пайдалану арқылы алаяқтар агенттік атынан байланысқа шығуда, деп хабарлайды Taspanews.kz ҚР СЖҚІА баспасөз қызметінің ақпаратына сілтеме жасап.


Алаяқтар жалған аккаунттар ашып, өздерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жоғары басшылығының өкілдері ретінде таныстырып, жалған ақпарат таратады.


Алаяқтар өз қызметіне заңдылық түр беруге тырысып, агенттіктің символикасы мен логотипі бар жалған құжаттар жібереді. Осыған байланысты агенттік азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға, күдікті сілтемелер арқылы өтпеуге және ақша жібермеуге кеңес береді.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство алаяқтардың іс-әрекетін уақытылы тоқтату және сенгіш адамдарды алдауға мүмкіндік бермеу үшін азаматтарды жедел әрекет етуге және мұндай жағдайлар туралы Құқықтық тәртіп органдарына дереу хабарлауға шақырады. Алаяқтық туралы @antikorkz_bot Telegram-ботында немесе 1424 нөмірі бойынша хабарлауға болады.