Қарағанды облысында ителгілер браконьерлерден қорғалады
1 тамыз бен 31 қазан аралығында Қарағанды облысында браконьерлікпен күресу үшін кеңауқымды "Сұңқар" науқаны өткізіледі. Мақсат – ителгі сұңқарларын көші-қон кезінде заңсыз аулауды тоқтату. Осы табиғатты қорғау бастамасы аясында сирек кездесетін құстардың ұшуы ықтимал маршруттарында тосқауылдар орнатылады,– деп хабарлайды Taspanews.kz аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл миссияны орындау үшін "Охотзоопром" инспекторлары, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті құқық қорғау құрылымдарының өкілдері тартылады.
"Охотзоопром" РМҚК Орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары шыңдос Омаров Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте операцияға "Охотзоопромнан"11 инспектор мен екі жүргізуші қатысатынын айтты. Олардың қарамағында төрт жол талғамайтын көлік және екі "КУНГ"Камазы болады. Патрульдер табельдік қарулармен, сауыт-саймандармен, кісендермен, планшеттермен, бақылау камераларымен және басқа да арнайы құралдармен жабдықталады.
Ителгі-сұңқарлар Қазақстанның Қызыл кітабына, халықаралық табиғатты қорғау одағының тізбесіне, сондай-ақ СИТЕС (cites) 2-қосымшасына енгізілген. "Ителгі сұңқарлары мен олардың бөліктерін шекара арқылы өткізу Қазақстандағы СИТЕС әкімшілік органының арнайы рұқсаты болған жағдайда ғана мүмкін болады", – деп атап өтті Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев.
Қазақстан Республикасының Заңы ителгілерді заңсыз аулағаны үшін қатаң жаза белгілейді. Қылмыскерлер ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптары бойынша сотталуы мүмкін, бұл оларға 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салуға немесе мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға қауіп төндіреді. Сондай-ақ, құқық бұзушыға белгілі бір лауазымдарды бес жылға дейін атқаруға тыйым салынуы мүмкін. Сұңқар-ителгінің заңсыз ауланған бір дарасы үшін 700 АЕК немесе 2 415 000 теңге мөлшерінде зиянды өтеу көзделген.
Көктемде жыл сайын аймақта популяция санын ұстап тұру үшін Сұңқар-ителгіні шығару акциясы өткізіледі. Биыл 63 құс босатылды.