Астанада әйел жалдамалы үйден тұрмыстық техника ұрлап кеткен
Фото: DALLE
Астанада әйел жалдамалы пәтерден тұрмыстық техника ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Taspanews.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанада әйелдің жалдамалы үйден тұрмыстық техника ұрлап кеткен оқиғасы полицейлердің назарын аударды. «Құқықтық тәртіп» жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 33 жастағы әйелді анықтады.
Қылмыскер пәтерді бірнеше күнге жалға алғаны белгілі болды. Ол жерде біраз тұрған соң өзімен бірге құны 200 мың теңге тұратын АВА теледидарын алып, пәтерден шығып кеткен.
Үй иесі пәтерді жалға беру үшін қайтып келгенде шығынды байқап, дереу полицияға хабарласқан.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары әйелдің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.