Астанада есірткі курьерлері 2 келі синтетикалық есірткімен ұсталды

Фото: ҚР ІІМ

Астанада тәртіп сақшылары синтетикалық есірткінің ірі партиясын тасымалдау әрекетінің жолын кесті, – деп хабарлайды Taspanews ҚР Ішкі істер министрлігінің порталына сілтеме жасап


«Қарасор" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер Астана қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаментінің өкілдерімен бірлесіп "Астана-Павлодар" автожолының бақылау-өткізу бекетінде "Chevrolet Cobalt» автокөлігін тоқтатты.


Көлікте 37 жастағы жүргізуші мен 23 жастағы жолаушы болған. Салонды тінту кезінде жолаушы отырғышының астынан өзіне тән иісі бар кесек консистенциясы ашық-бежевый түсті заты бар екі полиэтилен пакеті, пышақ және екі ұялы телефон табылды.


Сараптама қорытындысы бұл заттың жалпы салмағы шамамен 2 кг болатын альфа-PVP препараты екенін растады. Тыйым салынған заттар Павлодарға жеткізуге арналған.


Ұсталғандардың есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендерде курьер болып жұмыс істегені анықталды.


Оқиғаға байланысты аса ірі көлемде есірткі және психотроптық заттарды заңсыз өндіру, өңдеу, алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Ұсталғандар Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.