Астанада Жамбыл Жабаев туралы фильмнің тұсауы кесілді

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада қазақ ақыны Жамбыл Жабаев туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Taspanews ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Министрліктің қолдауымен түсірілген «Жамбыл. Жаңа дәуір» шығармасы қазақ поэзиясына орасан зор ықпал еткен көрнекті қаламгердің өмірінің соңғы тоғыз жылын қамтиды. Фильмнің сюжеті ақындардың бас қосуы, түрлі газет-журналдарда өлеңдерінің жариялануы, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин сынды дәуірдің белгілі тұлғаларымен кездесулер сияқты түйінді оқиғаларды қамтиды.


Режиссер Жандос Құсайыновтың айтуынша, сценарий Мәскеу мұрағаттарынан алынған тарихи деректерге негізделген және Жабаевпен бірге жұмыс істеген Йосиф Гильманның ұрпақтары сақтап қалған деректермен толықтырылған.


«Жамбылдың есімі көптеген сенімсіз мифтерге толы, мен Ұлы ақынның шынайы бейнесін жасауды қатты армандадым, сол дәуірге қанық болу, нақты деректерді жинау үшін сол дәуірдегі замандастар жазған құжаттар мен кітаптарды зерттедім. Сонымен бірге, мен деректі фильм түсірген жоқпын және тек тарихи шындықты ғана емес, көркем шындыққа да құқықты сақтап қалдым» Жандос Құсайынов

Фильмде басты рөлді Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев сомдады. Сондай-ақ, рөлдерді Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин, Асылбек Айтиш сомдайды.


Түсірілім жұмыстары 2021 жылы Қазақстанда ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуын тойлаған кезде басталды. Фильмнің премьерасы 6 маусымда кең экрандарда болады.