Атырау соты қасақана отбасын жаққан ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды

Pexels фото на taspanews.kz от 29 ноября 2024 11:22
Фото: Pexels

Атырау облысы ҚІЖ мамандандырылған ауданаралық сотында қатыгездікпен адам өлтіру бойынша қылмыстық іске қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Taspanews.kz Атырау соттарына сілтеме жасап.


Ер адам тұрғын үйге заңсыз басып кіріп, бөтеннің мүлкін жағу арқылы бүлдіріп, 2 бала мен ересекті қасақана өлтіріп, адамды өлтіруге оқталғаны үшін айыпталды. Ол кездесіп жүрген әйелмен айырылысып, қайта қосылғысы келіп, қорқыту тәсілімен қайта оралуын сұраған. Пәтеріне еніп, жағып жіберерін айтып, үркіткен соң, әйел танысын үйге шақырып, қорғауды өтінеді. Танысы ер адаммен сөйлесіп, тыныштандырғандай болады. Алайда, танысы мен әйел екеуі үйге бірге кіріп бара жатқанын байқаған ер адам түн ішінде үйге еніп, өртеп жібереді. Үй ішіндегі 7 жасар қыз, 10 жасар бала қаза тапты. Әйелдің денесінің 90%‑ын күйік шалып, балаларына жете алмай, қаза болды. Танысы аман қалып, оны сыртқа алып шықты.


Айыпталушы сот барысында аффект жағдайында болғанын айтып, оны ақтауды өтінді. Сараптамаға сәйкес, ол аффект жағдайында болмаған. Психикалық денсаулығы бірқалыпты.


Нәтижесінде, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Жеңілдететін жағдайлар болмады.


“Сотталушы ҚК-тің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі - 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Жәбірленушілердің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді”,  – Атырау соттары.

Сот үкімі заңды күшіне енбеді.


Следите за новостями Taspanews