Аурулардың халықаралық жіктемесінің 11-ші қайта қаралған нұсқасы қазақ тілінде шығарылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) алғаш рет аурулардың халықаралық жіктемесінің (АХЖ-11) қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынды. Бұл Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды жаңалық, – деп хабарлайды Taspanews.kz.
Қазіргі уақытта 132 ел АХЖ-11 енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр, ал қазақ тілі осы жүйеге ресми аударылған 11-ші тілге айналды. АХЖ-11 медицинада жарақаттар, аурулар және өлім себептері бойынша шамамен 55 000 бірегей кодты қамтитын жаһандық кодтау және классифтксциялау стандарты болып табылады.
Қазақстанда аудару процесі 2023 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен басталып, ұлттық ғылыми орталықтар мен медицина саласындағы Салидат Каирбеков атындағы университетінің қолдауымен жүзеге асты. ДДҰ сарапшылары бұл жобада техникалық көмек көрсетті.
Мамандардың айтуынша, қазақ тіліндегі АХЖ-11 медициналық құжаттаманы стандарттауға, ауруларды есепке алуға, эпидемиологиялық деректерді жинауға және денсаулық сақтау саласын дамытуға оң әсер етеді.