«Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің жеңімпаздары жарияланды

Фото: "Бастау" кинофестивалі сайты

11-14 желтоқсан аралығында өткен XII-ші «Бастау» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz фестивальдің ресми ақпаратына сілтеме жасап.


AlmaU университетіндегі Atrium Grand Hall залында шараның жабылу салтанаты өтті. Барысында жеңімпаздар марапатталды:


Үздік қысқаметражды фильм бойынша польшалық режиссер Доминик Мирецкийдің «Son of Happiness» туындысы бас жүлдеге ие болды;


Үздік анимациялық фильм номинациясы бойынша украиндік қатысушы «Обіруч» фильмімен басып озды;


Деректі фильм бойынша қазақстандық қатысушы «Menin Terminatorsham» атты туындымен алға шықты.


Студенттік қазылар алқасы да өз жеңімпаздарын анықтады: 


«Жастардың таңдауы Польшадан келген тағы бір картина – Александр Пакульскийдің Hi grandpa фильмі. Студенттер сонымен қатар дебютант Махамбет Мырзаның «Қараша» атты туындысын да ерекше атап өтті»,   – «Бастау» халықаралық кинофестивалі.

Фестиваль президентінің «Жарқын дебют» арнайы жүлдесімен Алина Мұстафина марапатталды. Туындысы – «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына пірәндік» деректі фильмі.


«Салтанатты рәсімде режиссерлерге арналған Almaty Film Lab шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Олар өз жобаларын одан әрі өндіру үшін қаржылық қолдау алады. Жеңіпмаздардың қатарына «Аяулым» жобасымен Мира Абдрахманова және «Тойымсыз адамдар» туындысымен Дастан Түсіпбеков қосылды»,  – «Бастау» халықаралық кинофестивалі.

Конкурстық бағдарламаға алдын ала 500-ден көп өтініш түскен. Іріктеу нәтижесінде 28 елден 43 фильм сайысқа жіберілді.