Батыс Қазақстан облысында инватакси қызметі дұрыс көрсетілмеген

Фото: Inva.kz

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инватакси қызметін көрсету талаптары бұзылғаны анықталды, – деп хабарлайды Taspanews.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.


Прокуратура жүргізген талдау нәтижесінде, қызметтің тек жұмыс күндері күндізгі уақытта ғана көрсетілгені белгілі болды. Бұл заңнама талаптарына қайшы келіп, азаматтардың құқықтарын шектеген.


Сонымен қатар, инватакси қызметін ұсынушы мекеме қажетті талаптарға сай болмаған: көліктер арбаға таңылған жандарды тасымалдауға бейімделмеген, балаларға арналған арнайы ұстағыш құралдар және такси белгісі болмаған.


Құқық бұзушылықтарды жою мақсатында прокуратураның ұсынысы негізінде 2025 жылдан бастап инватакси қызметі тәулік бойы, демалыс және мереке күндері де жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына қатаң ескерту берілді.