Блогерді Ақтаудағы ұшақтың қирауын түсіргені үшін қамауға алды

facebook.com/azamat.sarsenbaev фото на taspanews.kz от 26 декабря 2024 09:00
Фото: facebook.com/azamat.sarsenbaev

Қазақстандық блогер Азамат Сәрсенбаев он тәулікке қамауға алынды. Мұндай шешімді Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық соты желтоқсанның 25-інен 26- сына қараған түні шығарды, –  деп хабарлайды Taspanews.kz.


Блогердің адвокаты Айбек Сүйіндіковтың айтуынша, Сәрсенбаев оқиға орнында қызметтік міндеттерін орындап жатқан тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Блогер өзіне тағылған айыптармен үзілді-кесілді келіспейді және оның әрекеті заңға қайшы келмейтінін айтады.


Сәрсенбаев әлеуметтік желілерде халықаралық ақпарат агенттіктерінің сұрауы бойынша ұшақ құлаған жерді түсіріп жатқанын және төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына кедергі жасамағанын айтты.


Маңғыстау облысы полициясының баспасөз қызметі қамауға алу себебін қоғамдық тәртіпті бұзу деп түсіндірді.


«Блогер оқиға орнын түсіру үшін дронды пайдаланған, бұл құтқару қызметі мен тергеу органдарының жұмысына кедергі келтірген, сонымен қатар ол полиция талабына бағынбаған»,  – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Сәрсенбаевтың айтуынша, ол келген уақытта қайғылы оқиға болған жерді полиция мен құтқарушылар қоршауға алған. Ол дронды апат ошағынан шамамен бір шақырым қашықтықта ұстап, бейнематериал түсірген.


«Мен апат орын алған соң екі сағаттан кейін келдім. Оқиға орнында көптеген көліктер, құтқарушылар мен жедел жәрдем көліктері болды. 20-дан астам адам аман қалып, ауруханаға жөнелтіліп жатқанын көрдім. Құтқарушыларға қалай кедергі жасағаным белгісіз», – деп бөлісті блогер.

Айта кетсек, Сәрсенбаев Маңғыстаудың табиғатына арналған шығармаларымен танымал, олар қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланады. Оның апат орнынан түсірген суреттерін Reuters, Guardian, ВВС секілді әлемдік деңгейдегі басылымдар пайдаланды.


Следите за новостями Taspanews