Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанның ет тұтыну экономикасын түсіндірді

Фото: www.pexels.com

Қазақстандықтар өздерінің етке құмар екенін алға тартады, бұл шынымен де тек еліміздің халқына тән ерекшелік пе? Халықтың әл-ауқатының деңгейі үстелдерінің толуына қалай әсер етеді? Экономика тұрғысынан қарастырғанда, ет бойынша статистиканың қай жері кем, неліктен елге сапасыз ет импортталады? Осы сауалдар бойынша Taspanews.kz тілшісі бүгінгі таңда Еуразиялық ет одағын басқаратын, бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен әңгіме өрбітті.


Әр елдің етті тұтыну деңгейі халықтың әл-ауқатының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Халқымыз өзінің әлемдегі басты «ет жегіштер» екеніне сенгенімен, етті тұтыну саласының экономикасына үңілсек, бізден асып түсетіндер бар екенін байқаймыз. Салыстырмалы түрде ең көп ет тұтынушылар бойынша бастапқы үш орында Гонконг – 137 кг (1-орын), АҚШ – 124 кг (2-орын) және Австралия – 122 кг (3-орын) екенін байқамыз. Көрші Моңғолия мен Ресей 88 кг және 77 кг ет тұтынады. Қазақстан жан басына шаққанда жылына 65 кг ет тұтыну деңгейімен әлемде 54-ші орында. Сонда халықтың тәбетіне не әсер етеді?


«Атап өткеніңіздей, біз өзімізді етке ең құмар санағанмен, шын мәнінде басқа елдерден алда емеспіз. Рейтингтің ортасындамыз. Етті тұтыну көрсеткіші ел тұрғындарының әл-ауқатының деңгейіне тікелей байланысты. Оған сүйене отырып, тұтастай алғанда елдің даму деңгейіне баға беруге болады, бұл жанама көрсеткіш бола алады», – деді Асылжан Мамытбеков.

Бір қызығы, Қазақстанда әр аймақта ет тұтыну деңгейі әркелкі. Бұл кей жерлерде халық етке қол жеткізе алмай, қаражаттан қиналғанын білдіре ме?


«Шынында да, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің елде етті тұтыну деңгейі түрлі көрсеткішке ие. Әл-ауқаттан бөлек факторларды қарастырсақ, әрине, басқа да тұстар бар. Климаттық ерекшеліктер мен тамақтану мәдениеті де үлкен рөл атқарады. Еліміздің солтүстігінде ауа температурасы төмендеу, егін және жеміс, көкөніс өнімдері аз өсіріледі, сондықтан етті тұтыну деңгейі жоғары. Климаты қолайлы, егіні өнімді өсетін оңтүстікте етті азырақ тұтынады», – деп түсіндірді сарапшы.

Етті тұтыну деңгейін өткен уақыт аралығы бойынша салыстыратын болсақ, онда соңғы онжылдықтарда үлкен өзгерістер байқалды.


«Бүгінгі күні қызыл етті тұтыну деңгейі 90-шы жылдардағы дағдарыс кезеңімен салыстырғанда өсті, әрине. Алайда, атап өткеніміздей, біз әлі де көптеген елдермен салыстырғанда етті азырақ тұтынамыз. Халықтың табысы өскен сайын жағдай өзгереді»,  – деп ойын білдірді Асылжан Мамытбеков.

Ет нарығында баға құрудың құпиялары туралы


Тұтыну деңгейі халықтың табысына ғана емес, ет өнімдерінің бағасына да байланысты екені анық. Бағаның қалыптасуына не әсер етеді?


«Баға белгілеуге әсер ететін факторларға келетін болсақ, мұнда нарықтағы тауарлардың барлық түрлері сияқты, сұраныс пен оны қанағаттандыру арақатынасы бірінші орында. Тұтыну мөлшері, яғни сұраныс тұрақты болуы мүмкін, оны қанағаттандыру отандық өндіріске немесе импортқа байланысты. Сондықтан да, нарықта өзгерістер орын алып жатады. Халықтың етке жұмсайтын қаражаты жыл сайын өсіп келеді. Инфляцияның бар екенін ескерсек, бұл қалыпты жағдай. Жалпы, тауарлар мен қызметтердің барлық түрлері қымбаттай түсуде. Еттің бағасы басқа өнімдермен салыстырғанда тым қатты көтеріліп жатқан жоқ»,   – деді Асылжан Мамытбеков.  

Ет импорты мен экспортының құрылымы халық арасында сұрақтар туғызады. Неліктен біз өзіміздің етіміз жеткілікті бола тұра және оны басқа мемлекеттерге жібере тұра, Қазақстанға ет импорттауға мәжбүрміз?


«Қазақстан өзін-өзі қызыл етпен толықтай қамтамасыз етеді, етіміз тіпті мол. Бізде экспорт аз болса да, бар. Импорт та бар. Мен бұл импорт бізге не үшін қажет деген сұраққа жауап бере аламын. Елімізге әкелінетін ет арзан келеді. Осы арзан, сапасы төмен ет өнеркәсіпте қайта өңдеуге, мәселен шұжықтарды дайындауға пайдаланылады. Ет сапасының жетіспеушілігі әр түрлі хош иістендіргіштермен, дәм келтірушілермен, бояғыштармен жасырылады. Ол импортталған еттер мұздатылған түрде келеді. Біздің халық ондай етті сатып алып, жемейді. Жаңа сойылған етті таңдайды. Алайда, қайта өңдеумен айналысушылар қаржы үнемдеу үшін өзге елден сапасы төмен етті алдырта береді, бұл елге әкелінетін ет саны бойынша қорытынды статистикада көрініс тауып, халық арасында көптеген сұрақтар туғызуда», – деп түсіндірді сарапшы.

Сапасыз ет импортымен қалай күресуге болады?


Соңғы жылдары еліміз «сапасыз ет әкелінетін аймаққа» айналды. Мұнымен қалай күресуге болады?


«Біздің нарықтың қарама-қайшылығы осында – біз өзіміз-ақ елді қызыл етпен толық қамтамасыз еткенімізге қарамастан, сырттан қайта өңдеу мақсатында сапасыз өнім әкелеміз. Ет өнімдерін өндірудің сапасы өзекті мәселеге айналуда. Бұл шешуді қажет ететін сұрақ. Елімізде техникалық регламенттер мен стандарттарды сақтау нашар қадағаланады. Атап айтқанда, шұжық пен консервілерді шығару кезінде техникалық шарттар мен техникалық регламенттер әрдайым толық сақтала бермейді. Кейбір кәсіпкерлер бақылаудың әлсірегенін пайдаланады. Мұнда тәртіпті қалпына келтіру керек. Егер бұл істі толық жауапкершілікпен қолға алса, сапасыз импорт бірден жойылар еді. Атап өткеніміздей, мал шаруашылығымен айналысатындар және ет өнімдерін өндірушілер ішкі нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыра алады. Алайда, бәрі де қаражатқа тіреледі, себебі Қазақстанда ет сапалы, әрі қымбат»,  – деп түсіндірді Асылжан Мамытбеков.