Депутаттар жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеуді бастады

Фото: Pexels

2025 жылы 3 наурыз күні Парламент Мәжілісінде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулермен таныстыру өтті, – деп хабарлайды Taspanews.kz ресми ақпаратқа сілтеме жасап.


Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы бойынша заңнамалық жаңалықтар енгізіледі. Бұл мәселенің өзектігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтып өткен.


Түзетулерді ұсыну Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігімен өтті. Заң жобаларының нормаларымен авторлардың бірі, депутат Екатерина Смышляева таныстырды.


«Жасанды интеллект саласына енгізілетін заңнамалық жаңалықтар:  1.Жасанды интеллектіні тәуекел деңгейлері бойынша жіктеу жүйесі енгізіледі. Ол пайдаланушылардың және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне ықтимал әсеріне байланысты оларды пайдалануды реттеуге мүмкіндік береді. 2. Бақылаусыз зардаптардың ықтималдығын азайту үшін Қазақстан аумағында адамның араласу мүмкіндігінсіз шешім қабылдайтын жүйелерді құруға және енгізуге тыйым салынады. 3. Жасанды инттелект жүйелерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін Ұлттық платформа құрылады. 4. Жасанды интеллект иелері мен әзірлеушілері пайдаланушыларға жасанды интеллектпен қалай әрекет ету қажеттігін ескертуге және оның қалай жұмыс істейтіні туралы түсініктеме беруге міндетті болады. 5. Жеке деректерді қорғау күшейтіліп, адам мінез-құлқын басқаруға қабілетті ЖИ жасауға және пайдалануға тыйым салынады», – делінген ҚР Парламенті Мәжілісі баспасөз хабарламасында.

Ілеспе жоба аясында Әкімшілік құқықьұзушылық туралы кодекске, «Ақпараттандыру туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Масс-медиа туралы» заңдарға толықытырулар мен өзгерістер енгізіледі.


«Заң жобаларын талқылау Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады. Отырыс барысында айтылған ұсыныстар ескерілетін болады», – делінген хабарламада.