Экономикалық өсімді қамтамасыз ету: жедел штабтың қорытынды отырысы

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету шараларын іске асыру: жедел штабтың қорытынды отырысы фото на taspanews.kz от 15 июля 2024 16:17
Фото: ҚР ҰЭМ

Үкімет өкілдері бірінші жартыжылдықтың нәтижелерін талқылады, – деп хабарлайды Taspanews.kz ҰЭМ-не сілтеме жасап.


Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Кездесуде алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша экономиканың түрлі салаларының даму көрсеткіштері қаралды.


Оң нәтижелер ақпарат және байланыс (8,7%), құрылыс (8,6%), көлік (7,3%) салаларында тіркелді. Алғашқы бес айдың қорытындыларымен салыстырғанда ауыл шаруашылығында, құрылыста және саудада жақсы динамика байқалады.


Алайда, ОПЕК + бойынша міндеттемелер шеңберінде мұнай өндіруді шектеу және су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары белгілі бір секторлардың біршама баяулауына әкелді.


"Төрт айлық баяулаудан кейін маусым айының қорытындысы экономиканы өсу траекториясына шығаруға негіз береді. Бұл инвестицияларды ұлғайту, отандық өндірушілерді қолдау, іскерлік белсенділікті ынталандыру және құрылыс, автожол және ауыл шаруашылығы жобаларын жандандыру арқасында мүмкін болады", - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров. Ол сондай-ақ іскерлік белсенділік индексі бесінші ай қатарынан оң көрсеткіш деңгейінде екенін атап өтті.


Өңдеу өнеркәсібі нысаналы индикаторлар шегінде (5,1% - ға) дамуда. Металлургия (8,3%), машина жасау (9,4%), химия өнеркәсібі (5,3%), жиһаз өндірісі (28,3%) және фармацевтика (14,8%) өндірістері артты. Бұл жергілікті өндірушілерді қолдау шараларын жетілдірудің арқасында мүмкін болды. Отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны өткен жылғы 22,7 мыңмен салыстырғанда 45,7 мыңға дейін ұлғайды.


Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Құрылыс индустриясында өсім 8,6% құрады, бұл жылдың алғашқы бес айындағы 8,1% - ға қарағанда жақсарды. 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1% - ға артық.


Инфляция мәселесіне ерекше назар аударылды. Үкімет қабылдаған шаралар инфляцияны 2023 жылғы маусымдағы 14,6% - дан 8,4% - ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Азық-түлік инфляциясы 5,4%, азық-түліктік емес инфляция 7,4% құрады. Ағымдағы жылға арналған жалпы нысаналы көрсеткіш – 6-8%. Импортты алмастыру, бағаны бақылау және монополияға қарсы реттеу бойынша жобалар белсенді іске асырылуда.


Инвестициялар экономиканың өсуіне айтарлықтай әсер етеді. Жарты жыл ішінде 151 млрд теңге сомасына 18 жоба енгізілді, оның 122,7 млрд теңгесі – шетелдік инвесторлардың қатысуымен. Инвестициялық штаб шамамен $30 млрд сомаға 65 жоба бойынша проблемаларды шешті, оның ішінде заңнамаға 57 өзгерістер әзірледі және қабылдады, оның 26-сы күшіне енді.


Сондай-ақ ТКШ жаңғырту және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қарқыны қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында жоспарланған көрсеткіштерден төмен емес деңгейде өсуді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өңірлік жедел штабтар әрбір көрсеткішке бекітілген әкімдердің орынбасарларымен жұмысты жалғастыруда.


Следите за новостями Taspanews