Елдос бала кезінен алтын медаль суретін салып өсті: Елдос Сметовтің анасымен сұхбат

d фото на taspanews.kz от 09 сентября 2024 16:51
Фото: Taspanews.kz

Бүгін Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері, дзюдошы, ел мақтанышы Елдос Сметовтің туылған күні. Осыған орай, Taspanews.kz тілшісі Елдос Сметов балалық шағын өткізген, алғашқы жеңістерімен көзге түскен, шымырланып, алдыға мақсат қоя бастаған Тараз қаласына жол тартты. Қара шаңырақта жақында ғана Елдостың алтыны тойланғаны, сірә, байқалды.


Спортшының анасынан сұхбат алу үшін келген едік. Ал Елдостың өзі күн бұрын-ақ осында болған екен. Әттеген-ай деп қалдық. Бірінші кезекте, әрине, Чемпионның анасы қандай болады екен деген сұрақ қызықтырды. Елдос жұбайын қалай тапты екен деген сұраққа да жауап алдық. Әңгімелескен Дана Амирова.


-         Сәлеметсізбе, Тоқтагүл апа, осы үлкен шаңырақта бізді қарсы алғаныңызға алғысымызды білдіреміз. Елдос осы үйде 2010 жылдан бастап тұрған екен. Ең ауқымды, дәрежесі биік жарыстарды осында жүріп бағындырыпты. Қанша медальдары, кубоктары да осында. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жердің тумасысыз, руыңыз кім? Ата-бабаңыз кім?


-         Мен Жамбыл облысы, Бесағаш ауылынанмын. Жолдасым – Ботбай елінен. Лугавойға Елдостың әкесіне тұрмысқа шықтым. 3 ұлымыз бар, 13 немереміз бар.  


-         Елдостың атын кім қойды?


-         Әкесі қойды, Жандос пен Елдосты ұқсатып.


-         Керемет, Елдос ең кенжесі екені белгілі, Жандос деген ағасы да дзюдомен айналысқан, соған қарап Елдос та дзюдошы боламын деп армандаған екен. Ағасымен бірге спорт мектебіне барған екен. Сол мақсатты жетелеп бастағанда, Елдос бала кезінде әткеншектен құлап, басынан жарақат алыпты. Сіздер сол кезде спортпен айналыспайсың деп тиым салдыңыздар ма?


-         Жоқ, 1995-1997 жылдары біз шағын ауданда тұрғанбыз, сол кезде Таразда, бірнеше бала алтыбақаннан құлады. Алтыбақан тура Елдостың үстіне құлайды, сол кезде басы жарылады, аяғы сынады. Одан жақсы болып жазылып кетеді. Елдос осыдан кейін күресті бірінші орынға қойып жүрді. Тастаған жоқ, өте сүйіп қайта кірісті. Ары қарай жалғастырып кетті.


Пост из социальной сети

-         Ал сіздер ата-ана ретінде алдын ала ол белгілі бір мамандық иесі болса екен деп жоспарладыңыз ба? Мәселен, дәрігер дегендей.


-         Жоқ, ол өзінің арманын айтты – дзюдо деп. Сен мынандай мамандық иесі боласын деп айтпау керек. Бала өзі бейімделеді. Қандай мамандық болса да. Біреу шофер болғысы келеді, біреу электрик болғысы келеді, біреу құрылысшы. Кейбірі дәрігер, мұғалім – әр баланың өз таңдауы болады. Біз апарған да жоқпыз оны. Кішкентай кезінен бастап күреске барып, өзі алып кетті. 7 сыныпта 1 жыл Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлы спорт мектебінде оқып, Алматыға ауысып кетті. Демалыс күндері ғана Таразға келіп тұрды.


-         Ал отбасыларыңызда қыздар осындай күрес түрімен айналысамын десе, сіз келісер ме едіңіз?


-         Қызым жоқ, алайда, болған жағдайда рұқсат берер едім. Таңдаған мамандық иесі болуға рұқсат.


-         Сіздердің тұқымдарыңызда, тектеріңізде күреспен айналысқандар болды ма?


-         Өзіннің әкесі күрескен. Әкесінің нағашыларын айтып отырады. Күрескен аталары болған. Көкпармен айналысқан аталары болған. Сол тектен келген шығар енді. Баяғыда менің анамның өзі айтып отыратын әкемді – иығына екі адам отырғызатындай алып кісі болған екенін. Күрескен кезде алып жыққан деп. Бірақ, мен жақ көп айтылмайды ғой енді. Әкесі жақ көп айтылады. Әкесінің өзі көп күрескен. Әкесінің ағасы күрескен.


 фото на taspanews.kz от 09 сентября 2024 16:51
Фото: Taspanews.kz

-         Сіздің ақ сүтіңізбен беріледі ғой, қанмен беріледі. Сіз бермегенде кім береді. Сонда әкесі жақтан да, анасы жақтан да палуандар болып тұр ғой. Ал олар Олимпиадаға барған ба екен?


-         Жоқ, ол кезде ондай болмаған ғой.


-         Олимпиадалар негізі көп жыл бұрын басталған, бірақ олар қазақша күреске қатысқан шығар.


-         Қазақша күрестер болған шығар, иә.


-         Елдос Сметовқа ағалары үлгі болды ма, әлде аталары ма?


-         Ағалары. Бірге ойнап, бірге алысып жүрген екі ағасы.


-         Мінез-құлқы жайлы айта кетсеңіз? Елдос Бұған дейін де екі рет Олимпиададан орын алдым деп көкірегін керген емес, кішіпейілділікпен қарсы алды ғой алтынды. Ең бірінші жеңісі сияқты. Көзіне жас алып, ерекше алғыс айтумен болды. Бұл – тәрбиенің белгісі. Осыдан сұрақ туады. Сіздер оны қаталдықпен өсіргенсіз ғой? Салмақтылығы көрініп тұрды.


-         Жоқ, қатал өсірмедік. Балаларды ешқашан қатал ұстамағанбыз. Біз тек  “Ұят болады” деп айтатынбыз. Жақсы өсіңдер, тәрбиелі болыңдар. Бізді ұятқа қалдырмайтын ұрпақтардан болыңдар деп айтатынбыз. Қатал тәрбиелеген жоқпыз. Құдай өздеріне сана берді, осындай өнер берді, күш-қуат берді. Өздерін осындайға бейімдеп қойды. Өз еркілерімен барды спортқа да.


-         Ол болашақтағы жоспарларымен қашан бөлісе бастады? Спортқа кеткім келеді деп, нақты шешіп.


-         Cол бастан бастап армандады. “Мен спортсмен боламын, Олимпиадаға барып, онда бірінші орын аламын, шыңдарды бағындырамын, атақты чемпион боламын” деп алдына кішкентайынан мақсат қойды. Оқи бастағанда, альбомдарға жаза бастады, альбомдарға өздерінің суреттерін салып, алтын медальдардың суретін салып, арманы көп болатын.


-         Оның ең сүйікті дзюдошысы болды ма?


-         Енді бір жапондық жақсы көретін дзюдошысы болатын. Атын ұмытып тұрмын. Еліктеді. Чемпиондарға еліктеді.


-         Спорт жолында қиыншылық болды ма?


-         Бәрі оңай емес. Қаншама тер төгілді. Қаншама бейнет, қаншама уайым болды. Қиыншылықтар болғанда “Әке, мен шаршадым, қойсам ба деп едім” дегенде әкесі, “Осынша кішкентай кезіңнен дайындаласың да, тастап кете саласың ба? Сен барлық қиыншылықтан өтесің, сосын ғана барып, жеңесің” деп қалдырған спортта. Бұл жолда шыдамдылық керек, оған күш-қуат керек. Әкесінің сөзін жерге тастамай, күреске деген махаббаты қайта ашылды ғой. Сол кездері өзі қиыншылық заман болып кеткен. 95-96 жылдары. Ол кезде Елдос кішкентай болатын. Қиналсақ та, жеткіздік.


d фото на taspanews.kz от 09 сентября 2024 16:51
Фото: Taspanews.kz

-         Ал қызықты шақтарды айтсаңыз, еске алып отыратын.


-         Ол күтпеген жерден тосын-сый жасауды жақсы көреді. Айтпай келетін жас кезінде. Таразға шықпайтын болдым бүгін деп айтып, қарасақ келіп тұратын. Сосын, ойламаған жерден бәріне сыйлық әкеп бере салады. Мәселен, бір жолы әкесіне машина әкеп берді. 2016 жылы “Джип” машинаға мінгізді. Отырмыз, бір кезде шай іштік тамақ іштік, қап-қара джип машина кірді үйге.


-         Елдостың жомарттығы керемет. Өз алғашқы бапкеріне де көлік сыйлаған екен. Ендігі кезекте, бүгінгі Елдосқа келсек. Ол отбасылы, балалы. Жан-жарын өзі сүйіп, таңдап, қосылды ма, әлде кішкентай кезінен оған құда түсіп, дайындап қойдыңыздар ма?


-         Ол қызды мен өзім таптым. Өзім қалап, өзім құда түсіп барып алдық. Кішкентай кезінен емес, алайда. Меккеге барған кезде кездестірдім. Ол әкесі екеуі барды. Аэропортта көрдім. Көзіме оттай басылды. Меккеге барғанда жақсылап таныстым, әжесімен таныстым. Әжесіне айттым: “Елдос деген балам бар” деп. Елдос: “Мама болмайды” деп басында жалтарды. Суретін көрсеттім. Бір күні келісті.


-         Елдостың болашақ жары сізді қай қырымен баурап алды?


-         Мінезімен. Адамгершілік, салмақтық, сабырлық байқалды. Өзімнің көңілімдегідей қыз болды.


-         Керемет, екі қос ғашықты таныстырған екенсіз.


-         Иә, қыз қарсы болған жоқ. Бірден келісті. Сөйтіп, өзім таптым. Бірден таныстырып, сырғасын салып, олар ұзату жасады, алдын ала барып сөйлестік, екеуін көріп таныстырдық. Сөйтіп, үйленді. 1 ай ішінде болды бәрі.


-         Алдағы мақсаты қандай?


-         Өзі де бұған дейін айтқан бұған жауапты. Ары қарай жалғастырам дейді. Енді тағы бір Олимпиада орындағысы келеді.


-         Спорттық орталық ашқысы келе ме?


-         Оны білмеймін, ол жағын сұрамадым. Олимпиада оты әлі басылған жоқ. “Жаңа Олимпиадашы” деп көтеріп жатыр халық.


-         Әрине, бұл жеңістің ыстығы ұзақ уақыт басылмайтыны анық. Ендігі кезекте, Болашақ спортшы боламын, Елдостай боламын дейтін балалар мен жастарға өсиет немесе тілек айтсаңыз.


d фото на taspanews.kz от 09 сентября 2024 16:51
Фото: Taspanews.kz

-         Өсіп келе жатқан ұрпақтарға сана берсін, қызығушылықтары мол болсын. Еліміздің азаматтары биік шыңдарды бағындыра берсін. Жасөсіпірімдерге айтарым, елімізді тек биіктен көрсетсін, сондай азаматтарымыз көп болсын.


-         Рахмет, бізге шаңырағыңызды көрсеткеніңізге мың алғыс. Чемпион басқан ізбен бүгін біз де жүріп өттік.


Сұхбат соңында асыл ана баласының медальдары мен марапаттарын көрсетті. Олардың қатарында Елдостың Рио-де Жанейро Олипиадасынан күміс медаль, Токио қоласы мен Жамбыл облыстық “Жыл үздігі” марапаты да бар.


Пост из социальной сети
Следите за новостями Taspanews