«Елімізде құмар ойындарға тәуелділер көрші елдерге қарағанда көбірек»: Қазақстандағы лудомания

Лудомания фото на taspanews.kz от 11 сентября 2024 10:14
Фото: Жасанды интеллект

Қазақстандағы құмар ойын бизнесіне қойылған шектеулер мен заң қатаңдауына қарамастан лудомания әлі күнге дейін өзекті мәселелердің біріне жатады. Taspanews.kz тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, елдегі лудоманиялық ахуал қандай және бұл психологиялық бұзылу түрі ұрпақтан-ұрпаққа тарала ма деген сауалға жауап алды.


Емделуден бас тарту


Медициналық психолог, Қазақстан Когнитивті-мінез-құлық терапиясы қауымдастығы президенті, КМҚТ халықаралық конфедерациясының мүшесі, АРА (American Psichological Association) мүшесі Евгений Ян адамдар көбінесе лудоманиямен күресу үшін көмек сұрап келіп, кейін ары қарай терапияға келмей қалатындарын айтты.


«Маған айына он бестей адам хабарласады, жылына 200-300 адам жазады немесе телефон шалады. Алайда осы хабарласқан адамдар ішінде терапияға тек 15-20 адам келеді», – деді Ян.

Психологтың сөзінше, оған құмар ойыншылардың өзі емес, олардың жақындары көмек сұрап келетін көрінеді.


« Құмар ойыншының өзі мұны аса маңызды мәселе ретінде қарастырмайды, өзінің ауруға душар болғанын мойындамайды. Оның үстіне ойыншылар мұндай проблеманы өздігінен шеше алмайды, алайда шешеміз деп ойлайды»,  – деді Ян.

Ол көбінесе құмар ойынға тәуелді адамның туыстары «ойыншы өздігімен тәуелділіктен айырыла алмайтынын» көргенде ғана көмекке жүгінетінін жеткізді.


«Бізде лудомандар жергілікті халықтың 3−4%-ын құрайды. Әдетте, олардың дені жас жігіттер мен ер адамдар. Бірақ бұл статистика құмар ойындардың қоғамдағы орны, таралуына байланысты айтарлықтай өзгереді. Мысалы, Ресейде 90-шы жылдары ойын автоматтарының белең алған кезеңі болды. Ойыншылардың саны бірден 5-6 есе өсті. Ал қазір Қазақстанда лудоманияны есірткіге тәуелділікпен салыстыруға болады»,  – деді сарапшы.

Оның мәліметінше, қазір Қазақстанда «ойынға кіріп кеткендер» көрші елдерге қарағанда көбірек».


«Менің ойымша, бұл құмар ойындарды ойнау өте қолжетімді болғанымен байланысты. Осыдан біраз уақыт бұрын аталмыш ойындардың жарнамасы көшеде ілініп тұратын. Оның үстіне, құмар ойындар десе, бірден спорт ойға келеді»,  – деді ол.

Тәуелділік мәселелері бойынша кәсіби кеңесші, экзистенциалды терапевт, «Еркін адамдар» тәуелділікті емдеу клиникасының негізін қалаушы (Алматы, 2013) Антон Гордеев лудомандар медициналық мекемелерден көмек сұрамайтынын атап өтті. Олардың маскүнемдер мен нашақорлардан айырмашылығы – ішімдікті аса көп  ішу, артық доза қабылдау сияқты келеңсіздіктерге ұшырамайды, яғни олардың тәуелділігінің салдары басқа. Маманның бақылауларына сәйкес, бір жыл ішінде көмекке жүгінген жүз адамның ішінен ең көп дегенде он пациент құмар ойыншылар болып шығады.


Тұқым қуалаушылық


Психолог Гульнара Дощанова лудомания тұқым қуалайтынына сенімді.


«Менің білуімше, бес жыл бұрын Гарвард медициналық мектебінің ғалымдары адам ағзасында эндорфиндерді бұзатын фермент бар екенін анықтады. Ал эндорфиндер – бақыт гормондары. Егер бақыт сезімін сыйлайтын гармондардан гөрі осы фермент тым көп болса, онда адам эндорфин көзін іздей бастайды және көбінесе бұл тәуелділікке – құмар ойынға, алкогольге, есірткіге итермелейді. Зерттеулер көрсеткендей, лудомандарда бұл фермент өте жоғары»,  – деді Дощанова.

Антон Гардеев те оның ойымен толықтай келіседі.


«Әрине, тұқымқуалаушылыққа бейімділік бар. Тәуелді мінез құлық ген арқылы туады»,  – деді ол.

Маман өз сөзінде бұлай болудың себебі ата-ананың бірі «ішімдікке тәуелді болған жайдайда немесе мас болған кезде ұрықтандыру жүргенде» мүмкін дейді.


«Біздің организмімізде эндогенді этанол, эндогенді спирт бар. Әр адам жүз пайыздық нормамен туылады. Жүз пайыздық нормасы бар адам ішімдік ішті делік. Келесі күні оның организміндегі жүз пайыз болған темір нормасы отыз пайызды құрайды. Бірақ, екі аптада норма қалпына келеді. Егер мас күйінде ұрықтандыру жүрсе, онда нәресте сол кездегі эндогендік этанол деңгейімен туылады. Мұндай тәуелділіктің бұзылуы адамның ойынға, алкогольге немесе есірткіге тәуелді болуына кепілдік бермейді. Бірақ бұл тәуекел деңгейін арттырады»,  – деді Гордеев.

Адамның лудоман екенін қалай білеміз?


Дощанованың айтуынша, адамның ойынқұмар екенін байқауға болады. Ол алкогольге тәуелділік пен наркоманияның белгілері сияқты айқын болмаса да, белгілері бар.


«Ойынқұмарлықты адамның сырт бейнесінен, физиологиялық тұрғыдан анықтау мүмкін емес. Сөйлеу мәнерінің бұзылуы немесе созылмалы аурулар болмайды. Сондықтан лудомандар ұзақ уақыт бойы тәуелділіктерін жасырып жүре алады»,  – деді психолог.

Ол ойынқұмарларды өзге істерге қызығушылықтың жоғалуы мен ашуланшақтық арқылы анықтауға болатынын айтты.


«Адамның лудоман екенінің тағы бір белгісі ол компьютер немесе смартфонды көп қолданады. Өте ашуланшақ болып кетеді. Өзінің жағдайы туралы сөйлескісі келмейді. Оған қоса себепсізден көңіл-күйі жоғары болып жүреді. Әрине, ұтқан жағдайда. Ал ұтылып қалса, депрессияға салынып кетеді. Лудоманиямен ауыратын адамдарда көңіл күйдің құбылмалылығы байқалады», – деді маман.


Дощанова ойынқұмарлықтан бірден арылу мүмкін емес екенін айтты.


«Әрине, лудоманияның тағы бірнеше белгілері бар. Ерте ме, кеш пе, барлық ойыншылар банктерден, микрокредиттік ұйымдардан қарызға ақша ала бастайды. Өсіп келе жатқан шығындар ойынға тәуелділіктің негізгі белгілерінің бірі болып табылады», – деді ол.


Маманның айтуынша, лудоманның туыстары жақынының мұндай жағдайы туралы әртүрлі банктерден қоңырау шала бастаған кезде ғана біледі.


«Лудоманияның өзі өмір сапасына айтарлықтай әсер етеді. Асқынулар психикалық, физикалық жағдайдың нашарлауынан басталады. Лудоман өзін бағаламайды, депрессияға кіріп кетіп, есте сақтау қабілеті нашарлайды, алкогольге тәуелділік, мазасыздық пайда болуы мүмкін. Әлеуметтік тұрғыдан қарастыратын болсақ, онда ойыншылар көбінесе отбасынан, ақшасынан, жұмысынан айырылады», – деді психолог.

Әйелдер мен ер адамдардағы лудомания


Дощанованың сөзінше, ойынқұмарлық әйелдерге қарағанда ер адамдарда көп кездеседі.


«Ер адамдар әдетте агрессивті ойын түрлерін, сондай-ақ спорт пен покерге бәс тігеді. Ал әйелдердің арасында ойындарға тәуелділік аса көп емес. Олар әдетте лотереялар сияқты құмар ойындардың пассивті түрлерін жақсы көреді»,  – деді ол.

Емдеу жолдары


Дощанова «ойынқұмарлықтың өте қиын емделетінін және кешенді тәсілді қажет ететінін» атап өтті.


«Әрине, психотерапевттің көмегіне жүгіну керек. Тіпті кейде психиатрды бару қажет болатын кездер болады. Егер сіз психотерапияны алсаңыз, бұл жеке және топтық психотерапия сеанстары болуы мүмкін. Құмар ойындарға арналған дәрі-дәрмектер бар. Алайда, фармакологиялық әдістер психотерапиясыз әсер етуі екіталай. Яғни, психотерапия мен дәрі-дәрмекпен емдеу әрқашан бірге жүреді»,  - деді маман.

Психолог ең қиын нәрсе ойыншыны оған көмек керек екеніне сендіру екенін айтты.


«Емдеу туралы айтатын болсақ, лудоманияны басқа тәуелділіктер сияқты оқшаулау арқылы емдейді. Бұл жағдайда нашақорлықпен ауыратын науқастардағыдай химиялық детоксикацияны жүргізудің қажеті жоқ», - деді Дощанова.

Содан кейін психоәлеуметтік оңалту қажет, деді ол. «Емделіп шыққаннан кейін адам құмар ойынсыз өмір сүруді үйренуі керек». Оған енді қалай өмір сүретіні, не істейтіні туралы жаңа жоспарлар ұсыну керек.


«Ойынға тәуелділіктен өз бетіңізше құтылу, әрине, нәтиже бермейді. Тәжірибелі психологтардың көмегі қажет», - деді маман.

Алматы психикалық сауықтыру орталығының психиатр-дәрігері Рабиға Доланбаева Taspanews.kz тілшісіне ойынға тәуелді адамдарды көмек сұраудан қорықпауға шақыратынын айтты.


«Мамандарға – психиатр-дәрігерлерге, нарколог-дәрігерлерге жүгіну керек. Психиатриялық диспансерлерге жүгінуден қорықпаңыз», - деді дәрігер.

Еске салсақ, 2024 жылдың 8 шілдесінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев лудоманияға қарсы заңға қол қойды. Құжат букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға шектеулер қойды. Оның ішінде қазір көлік бетінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызметтерде оларды жарнамалауға тыйым салынды.


Бірақ сыртқы жарнама әлі де букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында, тіркелген спорттық тақырыптағы БАҚ-та, сондай-ақ, отандық телеарналарда халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляциялау кезінде жасалуы мүмкін.


Следите за новостями Taspanews