Елорда тұрғындары шет ел азаматтарына жалған құжаттар жасап көмектескен

Астана қаласының екі тұрғыны шет елден келген азаматтарға Қазақстан Республикасының азаматтығын және уақытша тұру бойынша рұқсат алуды ұйымдастырып, жалған құжаттар жасаған, – деп хабарлайды Taspanews.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Құжаттарды қажет ететін адамдарды сыбайластың бірі тауып тұрса, екіншісі жалған неке куәліктерін, медициналық анықтамаларды және басқа да құжаттарды жасауды жүзеге асырды. Осылайша, 49 Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Ресей Федерациясынан келген тұлғаға заңсыз қызмет көрсетілді.
Әр шет елдіктен 80 мыңнан 1 млн теңгеге дейін қаражат алған Қазақстан азаматтар жалпы көлемі 107 мың АҚШ доллар, 2,5 млн теңге және 200 мың рубль табыс тапты. Бұл сома мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімімен айыпталушылар 1 жыл 6 айға және 2 жылға бас бостандығынан айырылды.