Елордада ерекше балаларға арналған "Оқу-өндірістік комбинат" жобасы түлектерінің бітіру кеші өтті
34 жасөсіпірім Астана колледжерінде «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары бойынша оқуды сәтті аяқтады, – деп хабарлайды Taspanews.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы 34 оқушы жобаға қатысып, өмірде өз жолын табуға мүмкіндік алды.
5 ай ішінде олар «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Тамақтануды ұйымдастыру – аспаз», «Тамақтануды ұйымдастыру – Кондитер» және «Сәндік-қолданбалы өнер» бағыттары бойынша оқу оқыды. 3 сағаттан аптасына 2 рет болатын сабақтар барысында әртүрлі маталармен жұмыс істеу негіздері, тігін техникасы мен түрлері, тігін машиналарын пайдалану, тағамдарды дайындау, турау техникалары, ас үйде гигиена және қауіпсіздік нормалары, кондитерлік өнімдерді дайындау, қамырмен жұмыс дағдыларын үйренді.
Жоба «Болашақ» қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асқан. Мамандандырылған кәсіби алаңдар жұмысы 2024 жылдың басында Астана қаласы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі және Менеджмент, бизнес және білім колледжі негізінде басталған.